Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.05.2021

Мәжілісте Әлеуметтік кодекс жобасының тұжырымдамасы талқыланды


Нұр-Сұлтан, 4 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Әлеуметтік кодекс жобасының тұжырымдамасын талқылау бойынша кеңейтілген отырыс өткізді.

Іс-шараға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайм Кесебаева, Мәжіліс депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика, Қаржы министрлігінен, сондай-ақ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің өкілдері қатысты.

Кодекс жобасы туралы кеңінен баяндаған Серік Шапкенов: -Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақсаты - азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау - деді.

Құжатта азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірыңғай құқықтық негіз құру мен әлеуметтік төлемдерді жүйелеу және әлеуметтік қызметтерді сапалы көрсету арқылы осы саланы дамытуды мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған.  

Сонымен қатар, Кодексте әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне, олар бойынша алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оларды тағайындау шарттары мен мерзімдері, сондай-ақ оларға ден қою шараларына ерекше назар аударылатын болады.

Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерлер мен әлеуметтік институттардың құқықтық мәртебелері де реттелмек.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары тұжырымдаманы түзету қажеттілігі туралы айта келіп, Әлеуметтік кодекстің тұжырымдамасы бойынша өз пікірлерін білдірді. Азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыру үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау бойынша мәселелер көтеріп, тиісті жауап алды.

Отырысты қорытындылаған комитет төрағасы Жәмила Нұрманбетова Кодексті әзірлеу шеңберінде министрліктің республикалық және өңірлік деңгейде бірлесіп жүргізген жұмысына оң баға берді.

Сонымен қатар, тұжырымдаманы пысықтау кезінде, ал одан әрі әлеуметтік Кодекс жобасын әзірлеуде депутаттардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеру қажеттігіне назар аударды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі-74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі