Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.05.2021

Н.Нығматулин: cаяси партиялар жергілікті әкімдерге кандидаттар ұсына алады


Нұр-Сұлтан, 5 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады.

Заң жобасы бойынша, әкімдікке кандидаттарды саяси партиялармен де, азаматтардың өзін-өзі ұсыну тәртібімен де кандидатураларды беру көзделеді.

Кандидаттарды тіркеу, кандидатураны алып тастау тәртібі, әкімді сайлау кезінде дауыстарды санау, осы сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау тәртібі белгіленеді.

Заң жобасымен барлық деңгейдегі сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсы» баған енгізіледі. Саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ, заң жобасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар қамтылған. 

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

- Заң жобасы тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды, қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы Мемлекет Басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы  бір нақты  қадам, - деуге болады деді.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, ол ең алдымен, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге және әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға жаңа  серпін беретін болады. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі, жергілікті халықпен тікелей байланыс орнататын негізгі тұлға ол - әрине ауылдың әкімі.

Сонымен бірге, бұл заң жобасы ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі  арттыруға да зор ықпал  ететіні сөзсіз.

 

 (Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі