30.06.2021

Парламенттің VII шақырылымы бірінші сессияны аяқтады


Нұр-Сұлтан, 30 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда бірінші сессия жұмысы аяқталды.

Нұрлан Нығматулин сессия жұмысы Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталғанын атап өтіп, депутаттық корпустың заң шығару жұмысындағы негізгі басымдықтар Елбасының Стратегиялық бастамаларын, Президенттің сессияның ашылуында алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға арналғанына назар аударды.

Cонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы қос Палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 жыл толғанына тоқталып, биылғы жылы өткен кезекті Парламент сайлауында Мәжіліс құрамы 70 %-ға жаңарғанын атап өтті.

Мәжіліс жұмысындағы тағы бір ерекшелік, бірнеше комитеттің төрағалары және хатшылары бұрын болмаған жаңа бағыт парламенттік оппозициядан сайланды. Мәжіліске өткен барлық фракцияның, сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары бірінші күннен бастап бірлесе жұмыс істеуде.

Бірінші сессия барысында Парламент Палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің 23, ал Сенаттың 21 жалпы отырыстары өткізілді.

Қос Палата депутаттарының қарауында 104  заң жобалары болды. Бүгінде олардың 63-і  қабылданып, 58 заң жобаларына Президент қол қойды.  

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, депутаттық корпус Мемлекет Басшысы алға тартқан саяси реформаны заң жағынан қамтамасыз етті. Бұл бағытта еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасына түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 % дейін төмендетілді. Сайлауда берілетін барлық деңгейдегі бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген жаңадан жол енгізілді. Тағы бір ерекшелігі ауылдың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауды қамтамасыз ететін нормалар  қосылды.

Осы сессияда жер мәселесіне қатысты бірнеше маңызды  заң жобалары қабылданды. Құжатқа ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді жалға  беру институтын сақтай отырып, жерді жеке меншікке беруді 5 жылға тоқтату туралы норма енгізілді.

Сонымен қатар, «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіп, әлеуметтік қолдау, денсаулық, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд.теңге қаралса,140 млрд.теңге қаржы республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталды. «Еңбекпен қамтудың жол картасы» аясында 100 млрд. жуық теңге, ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд.теңге ақша бөлінді. Короновирус індетіне қарсы күреске байланысты бюджеттен 265 млрд.теңге қаражат қаралды.

Палата Спикері өткен сессияда Парламент 31 халықаралық және мемлекетаралық келісімдер ратификацияланғанын айтты. Екі Палата депутаттарынан қолдау тапқан «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заң басқа елдер мен ұйымдардың арасында мемлекетіміздің мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді. Мысалы, олар Қазақстан алдында алған міндеттерін жүзеге асырмаған жағдайда, еліміз халықаралық шарттарды орындауды тоқтататын болады.

Нұрлан Нығматулин бірлескен отырыста атап өткендей, осы сессияда Парламенттің екі палатасының жұмысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздері бастамашы болған 24 заң жобасы болды. Оның 15-і осы уақытқа дейін қарастырылып, қабылданды. Заң жобалары қоғам өмірінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталды.

Атап айтқанда, Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы  Конституциялық заң, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуга қатысты заң жобалары. Жүргізілген реформалар сот жүйесіне жаңа білікті мамандарды жұмылдырып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұндай шаралар, ең алдымен, халықтың соттарға деген сенімін нығайту үшін қабылдануда.

Сонымен қатар, депутаттар бастамасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша», «Қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша» және «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша» және тағы басқа да біқатар маңызды заң жобаларын әзірледі.

Өткен сессия барысында Парламент қабырғасында (санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге қарамастан) 3 үкімет сағаты, бір Парламенттік тыңдау, 35 «дөңгелек үстел» және комитеттердің 8 көшпелі отырыс өтті.

Бірінші сессия жұмысы барысында Мәжіліс депутаттары 233, Сенат депутаттары 45 депутаттық сауалдар жолдады.

Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, банк жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өңірлік даму, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қорғаныс, құқық тәртібі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да маңызды мәселелерге арналды.

Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан шамамен 6158 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірінші сессия кезеңінде Парламент Палаталары депутаттарының қатысуымен барлығы 170-ке жуық халықаралық іс-шара өткізілгенін атап өтті.

Мәжіліс пен Сенат төрағаларының басқа елдердің өкілдерімен кездесулері халықаралық ынтымақтастық үшін зор маңызға ие болды.

Сессия барысында қос Палатаның депутаттары 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеп, жоспарлы түрде әлемнің 80-нен астам елінің Парламент өкілдерімен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырды.

-Осы сессияда уақыт талабына сай жасалған жедел және нақты қадамдардың арқасында біз Елбасымыздың және Президентіміздің алға қойған міндеттерін сапалы заңдармен қамтамасыз еттік. Ол заңдар ең алдымен, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті проблемаларын шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Сонымен бірге, тиімді заңдардың арқасында елімізде саяси, экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыруға заң жағынан нақты қадам жасалды. Сондықтан, жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясында қол жеткен табыстар және нәтижелер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосылған зор үлес деп білеміз, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Алдағы жұмыс жоспарына тоқталған Палата Спикері келесі сессияда Палата депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұрғанына тоқталды.

Қазіргі уақытта Палата қарауында 35 заң жобасы бар. Олардың ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі», «Семей ядролық қауіпсіздігі туралы», «Әскери полиция органдары туралы» заң жобалары бар. Сонымен қатар, келесі сессияда құқық қорғау қызметін өту тәртібін жетілдіру, мемлекеттік  жастар саясаты, «Қоғамдық бақылау», басқа да халық проблемасын шешуге арналған заңдарды қабылдау көзделіп отыр.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсріген Ж.Құспанов). 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі