19.07.2021

Мәжіліс депутаттары Ақмола облысындағы астық шығаратын зауыт құрылысымен танысты


Нұр-Сұлтан, 19 шілде, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Асқарбек Үйсімбаев, Юлия Кучинская мен Мәди Елюбаев Ақмола облысының Бұланды ауданының  Макинск қаласындағы өсімдік майын шығаратын зауыттың құрылысымен танысты.

Депутаттар Макинск қаласындағы қыркүйекте пайдалануға берілетін «Бота-2015» өсімдік майын өндіретін зауыттың құрылысымен танысты. «Бота-2015» май зауыты облыстағы тамақ өнеркәсібі саласындағы ірі инвестициялық жоба болмақ. Зауыт тәулігіне 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 5 миллиард теңге. Кәсіпорын қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарлануда. 100-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады.

Серіктестіктің атқарушы директоры Василий Боревичтің айтуынша, қазірдің өзінде 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.  Зауытта Қытайдан, Германиядан әкелінген заманауи үлгідегі қондырғылар орнатылған.  Бұл дәнді-дақылдардың кез келген түрін өңдеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өнімді көрші елдер нарығына экспорттау жоспарлануда.

Сондай-ақ,  Мәжіліс депутаттары «Арна» астық қабылдау кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Жергілікті элеватор жаңа астықты қабылдауға толық дайын. Кәсіпорынның қуаттылығы 167 мың тонна.

Сонымен қатар, іссапар барысында депутаттар Тұрсынбек Кәкішев атындағы Алтында орта мектебіне барып, білім беру ұйымының жөндеу жұмыстарымен танысып, сайлаушылармен кездесті.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі