Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.09.2021

Мәжілісте бәсекелестікті дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Отырыста ашқан Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы» Президент Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Осы заң жобасы бойынша депутаттар алдында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов баяндама жасады.

Заң жобасына жауапты мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, құжатты әзірлеуге мүдделі тұлғалар, сарапшылар, бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары тартылған.

Құжат ірі және шағын бизнестің мүдделерін қозғап, заң жобасына қатысты барлығы екі жүзден астам  ұсыныстар қаралған. Сондай-ақ, осы заң жобасында 10 заңнамалық актіге, оның ішінде 4 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Жалпы заң жобасының мақсаты тауар нарықтарының жұмыс істеуінің жүйелі проблемаларын шешуге және бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға мүмкіндік беретін, Жарлықпен бекітілген бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру.

Сонымен қатар, осы заң жобасының түйінді бағыттары - кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік органдардың сатып алуына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тауар нарықтарындағы нарықтық шоғырлану деңгейін төмендету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тауар нарықтарына кірудің әкімшілік және экономикалық кедергілерін, сондай-ақ бағалық реттеу құралдарын қысқарту болып табылады.

Іс-шара барысында депутаттар мен отырысқа қатысушылар пікір алмасып, осы заң жобасы бойынша жауапты мемлекеттік орган басшысына бірқатар сұрақтар қойды.

Отырыс барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріле отырып, депутат Самат Ақышев жетекшілік ететін жұмыс тобында заң жобасын одан әрі қарауды жалғастыру туралы шешім қабылданды.

 

(Мәжілістің баспасөз қызметі, 74-63-01.Суретті түсірген Ж.Жумабеков).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі