Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
22.09.2021

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 22 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, отырыста Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісімге сәйкес Тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін құрады.

Бірлескен байланыс жүйесінің ұйымдық-техникалық құрылымын қалыптастыру, оны құру және жұмыс істеу қағидаттары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін Ережеде айқындалады.

Сонымен қатар, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісім Достастыққа қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесін қалыптастыру, қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібін, оның қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағындағы мәртебесін, сондай-ақ әскери қызметшілердің гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңіндегі мәртебесін айқындайды.

Келісімде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға Бірлескен бөлімшені тарту мүмкіндігі көзделген.

Қазақстан Республикасы мұндай бағыт БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес ғана мүмкін болады деп есептейді.

Осыған байланысты, Келісімге ескертпемен қол қойылды.

Жалпы отырыста Палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңға түзетулер енгізу, сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  заң жобасы, сондай-ақ,  Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметтері арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыста VII сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессиясына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Б.Кесебаеваның айтуынша, шаралар жоспары негізінен Қазақстанның Стратегиялық құжаттарына, Парламенттің осы сессиясының  ашылуы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаевтың  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес әзірленген.

Елімізде биылғы жылы орын алған қуаңшылыққа байланысты депутаттар да су мәселесін депутаттық сауалдар арқылы бірнеше рет көтерді. Осыған сәйкес, халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су тұтынудын тиімді реттеу бойынша  тапсырмасы аясында су саласын дамытуға қатысты парламенттік тыңдау өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, депутаттар парламенттік қызметтің өзекті мәселелері бойынша үкіметтік сағаттар, комитеттердің бес көшпелі отырысын өткізуді көздеп отыр.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: С.Нақпаев, А.Линник, Б.Сартбаев, Д.Назарбаева, Қ.Абасов, Д.Еспаева, И.Смирнова, Е.Саиров, А.Қоңыров, С.Ерубаев, Ғ. Құлахметов, А. Амирханян.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жумабеков).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі