Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.10.2021

Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды


1

Нұр-Сұлтан, 7 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Бейнеконференция байланысы арқылы талқылауға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ өкілдері, ғалымдар, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс комитетінің төрағасы Арман Қожахметов Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып 90 жылдардың соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды қабылдағанын атап өтті. Бұл ретте депутат бүгінде Тұңғыш Президент, Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін, оның ішінде, заңнамалық деңгейде қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан дәйекті қадамдарды атап өтті.

Талқыланған заң жобасының маңыздылығы туралы айтқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Марат Ахметжанов мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар шығыстарының негізсіз байығаны үшін жауапкершілікті белгілей отырып, олардың табыстарына сәйкестігіне бақылау енгізу, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыру сияқты нормаларға назар аударды.

Заң жобасымен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекске және 8 заңға түзетулер енгізіледі.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов заң жобасында ұсынылатын нақты тетіктерге тоқталды.

Атап айтқанда, баяндамашының айтуынша, шенеуніктердің шығыстары олардың кірістеріне сәйкес келмегені үшін осы жылдан бастап басталған жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде салықтық әкімшілендірудің қолда бар құралдарын пайдалана отырып жауапкершілік енгізу ұсынылады.

- Салық кодексінде декларацияларда алшақтық болған жағдайда 10 пайыздық салық қарастырылған (бұл Салық кодексінің 72-бабы). Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар үшін шығыстардың кірістерден асып кету сомасының тек 10%-ын төлеу жеткіліксіз болады. Шын мәнінде, бұл түсініксіз кірістерді заңдастырудың бір түрін білдіреді, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекеттік қызметті немесе өзге де қызметті тоқтатуға әкеп соғатын шығыстардың кірістерден едәуір асып кетуі анықталған тұлғалар туралы мәліметтерді Мемлекеттік кіріс органдары салық заңнамасында белгіленген салықтық құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберетін болады.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыру мақсатында, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауаптылыққа тартуға немесе лауазымынан босатуға немесе тәртіптік комиссияның ұсынымынсыз басқа лауазымға ауыстыруға болмайды деп бекіту ұсынылады.

Ал, адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда жәрдем көрсетуі туралы ақпаратты оны жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізе отырып, құпия ақпаратқа жатқызу ұсынылады.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары мен дөңгелек үстелдің басқа да қатысушылары осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Олардың ішінде: салық, қаржы полициясының әділет полковнигі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның танымал криминолог ғалымы, ҚР ЖҒА академигі Марат Қоғамов, Қазақстандық халықаралық шарттарды қоғамдық мониторингілеу орталығының директоры Галина Моисеенко, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Халықаралық консультанты Мирьяна Визентин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі Беларусь және Ресей елдерінің тәжірибесі туралы Ресей Федерациясы Президенті басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі бас кеңесшісі Антон Тронин, сондай-ақ Беларусь Республикасы Бас прокуратурасының басқарма бастығы Игорь Грейбо ақпараттандырды.

Аталған заң жобасы бойынша депутат Мәди Елубаев бастаған жұмыс тобы дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулерді сапалы әрі жан-жақты пысықтау үшін зерделейтінін атап өтіп, талқылау қорытындысын шығарды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі