Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.10.2021

Мәжілістегі Үкімет сағатында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай талқыланды


Нұр-Сұлтан, 11 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы» атты тақырыпта Үкімет сағаты өтті.

Іс-шараға Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Б.Кесебаева қазіргі кездегі шынайы жағдайды ескере отырып, жаппай вакциналаудың маңыздылығын халыққа дұрыс жеткізу қажеттігі туралы айтты. Сондай-ақ, вице-спикер санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің әлсіз тұстары бар екенін және де оның басқа бағыттары да назардан тыс қалғанына назар аударды. Мәселен, аса қауіпті инфекциялар, вакцинамен еңсерілетін аурулар, жұмыстың цифрлық форматын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу мәселелері кейінгі орынға ысырылған. Сонымен қатар, жалақысы төмен болуы салдарынан, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы сақталуда.

Осы орайда, Б.Кесебаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан шаралар кешені және еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Осы тақырып туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой депутаттар алдында баяндама жасады.  

Жауапты мемлекеттік орган басшысы атап өткендей, министрлік инфекциялық, вакцинамен басқарылатын ауруларға эпидемиологиялық мониторингті жүргізетінін, нәтижесінде шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету туралы шешімдер қабылданатынын айтты. Министрдің айтуынша, 2021 жылғы 8 айда оба, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, туляремия, дифтерия, қызамық, полиомиелит, сіреспе аурулары тіркелмеген. Сондай-ақ, 2020 жылмен салыстырғанда 23 нозология бойынша сырқаттанушылықтың, оның ішінде, жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанушылықтың 3 есе, менингокок инфекциясымен сырқаттанушылықтың 2,6 есе төмендеуіне қол жеткізілген. Ағымдағы жылы қызылшамен сырқаттанушылық бірлі-жарым жағдайға дейін төмендеді, 2 жағдайы тіркелді.

А.Цойдың айтуынша, жалпы алғанда ағымдағы жылы қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынып,  3 инфекциялық аурухана реконструкцияланған, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілген. Сонымен қатар, халықты дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып, 64 оттегі станциясы пайдалануға беріліп, медициналық ұйымдардың ӨЖЖ (3264 бірлік) аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.

185 аудандық аурухана 100% рентген диагностикалық жабдықтармен жабдықталды.

Жедел медициналық көмек қызметі 1 367 бірлік автокөлік сатып алып күшейтілді, жылжымалы медициналық кешендер паркін 100% жарақтандыруға қол жеткізілді.

Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді. КВИ-мен күреске тікелей тартылған қызметкерлерге 3 тәуекел тобы бойынша 116 млрд. теңге мөлшерінде үстемеақы төленді.

Мемлекет басшысының шешімінің арқасында үстемеақылармен қатар 9 мыңнан астам сырқаттанған медицина қызметкері әлеуметтік төлем алды.

Сонымен қатар 2020 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға өсті.

А.Цой әлі күнге ең өзекті мәселелердің біріне айналған коронавирустық пандемияға қатысты елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын мәлімдеді.

«Қазақстанда COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында эпидемияға қарсы іс-шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып енгізілді. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық  бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді, тәулігіне 2 000-ға дейін жағдай тіркелуде, бұл инфекцияның таралуына да әсер етті, 1 тамызбен салыстырғанда репродуктивтік сан 1,11-ден 0,94-ке дейін 1,2 есеге төмендеді»,- деді министр.

Министрдің айтуынша, министрлік вирустың мутациялық өзгергіштігінің мониторингін қамтамасыз ету үшін вирустарға генетикалық зерттеу жүргізіп келеді. SARS-CoV-2 вирусын анықтау және бақылау жұмысы жалғасуда. Осы орайда, бүгінгі күні КВИ-дің жаңа штамдарының пайда болуы мен таралуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне қол жеткізу маңызды. Қазіргі кезде республика бойынша егілуге тиісті контингенттің 78%-ы немесе халық санының 40,8%-ы бірінші компонентпен егілді, егілуге тиісті халықтың 68%-ы немесе халық санының 35,5%-ы екінші компонентпен егілді. 

Жалпы алғанда, А.Цой өз сөзінде Казақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін атқарылған шараларға тоқталса, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ж.Нұрманбетова пандемия жағдайындағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметі саласындағы проблемалар кешенін атап өтті. Атап айтқанда, аталған қызмет өзінің ескерту қадағалауын қамтамасыз ету функциясын жоғалтқанына байланысты, өз дербестігінен де айырылған. Осыған байланысты депутаттар тарапынан санитариялық-эпидемиологиялық қызметін жаңғыртудың жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Отырыс барысында депутаттар сапалы мамандандырылған көмек көрсету үшін дербес инфекциялық стационарлар қажеттігіне тоқталды.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Г.Нұрымова бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар инфекциялық бөлімшелер ретінде 10 өңірдегі көпбейінді ауруханалардың құрамына кіргенін атап өтіп, халықтың аса қауіпті және инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып қалып отырғанын назарға алып, инфекциялық ауруханаларға тәуелсіз мәртебе беруге қатысты сұрақ қойды.

Сонымен қатар, Үкімет сағатында Е.Бейсенбаев, Ғ.Елеуов, С. Симонов, И. Смирнова, А. Үйсімбаев, Б. Торғаев және тағы басқа депутаттар  қазіргі елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы бірқатар мәселелерді көтеріп, жауапты мемлекеттік орган басшысына сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғыртуға, санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау саласының мамандарын даярлауға, ветеринариялық іс-шаралардың сапасын бақылауды арттыруға бағытталған Үкімет, Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне арналған Ұсыныстар әзірледі.

(Мөлдір Мұса, 74-63-04. Мәжілістің Баспасөз қызметі.)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі