Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.11.2021

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 17 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Ратификацияланған құжаттардың қатарында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар.

Келісімде «ашық аспан» қағидаттары көзделген. Оның шеңберінде тараптар тасымалдаушылардың, межелі пункттер мен жиіліктердің саны бойынша шектеусіз ұшуларды орындай алады.

Осы Келісім сыртқы көлікке қолжетімділікті арттыруға және халықаралық әуе жолдарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгін Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісім 2020 жылғы 21 шілдеде Мәскеу қаласында жасалды және қуаты 1 млн. тоннаға дейінгі минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру жөніндегі жаңа зауыт салуға, сондай-ақ кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған.

Құжатта жергілікті шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға дейін толық өндірістік циклі бар өндірісті құру мақсатында осы жобаны іске асыру үшін жеңілдіктер, қолдау шаралары мен преференциялар қолдану көзделеді.

Отырыс барысында бірқатар заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.

Құжат соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу, сондай-ақ судьялардың өзін-өзі басқару органдарының қаражатты бөлуі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, екінші оқылымда мақұлданған құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бар.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын қарау барысында депутаттар жануарларға қарау қатыгездікпен қарау болып табылмайтын жағдайларды нақтылауға; жергілікті атқарушы органдарының жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруына; он алты жасқа толмаған адамдарға ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салуды енгізуге; қаңғыбас жануарларды бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен вакциналауға бағытталған түзетулерді енгізді.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен және  Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да екінші оқылымда  мақұлданды.

Жалпы отырыста Палата «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Қ.Иса, Е.Бейсенбаев, К.Нұров, В.Нәбиев, Г.Хамзин, А.Қоңыров.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков)

 

 



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі