Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
24.11.2021

Мәжіліс биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері туралы заңнамалық түзетулерді I оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 24 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы тауар биржалары қызметінің талаптарын және ашықтығын арттыруға, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелес орта мен жағдайлар жасауға, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Құжатты талқылау барысында депутаттар бірқатар заңнамалық нормаларға атап айтқанда, Сауда және интеграция министрлігінің сауда-саттыққа қатысушылардан биржалық алымның ең төменгі мөлшерін шектеу құқығын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе көтерді. Депутаттардың пікірінше, бұл норма биржалардың кәсіпкер – клиенттеріне теріс әсер етуі мүмкін.

Осыған сай, отырыста Нұрлан Нығматулин депутаттардың ұсынысын қолдап, егер заң жобасы Үкімет редакциясында қабылданса баға сұраныс пен ұсыныспен реттелетін кезде бәсекелестіктің негізгі қағидасы бұзылатынын атап өтті.

Палата Спикері атап өткендей, биржалық алым мөлшеріне қатысты демпинг түріндегі биржалардың жауапкеркершіліктен тыс әрекеттеріне келетін болсақ, онда бұл жерде заң жобасында көрсетілген басқа да тәсілдер жеткілікті.

Сонымен қатар, отырыста Нұрлан Нығматулин депутаттарға «көміртегі бірліктері» сату үшін арнайы биржалардың жеке түрін бөлу туралы ұсыныс айтып, ағымдағы жылдың басында Экологиялық Кодекс қабылданғанын, онда көміртегі бірліктерін сату мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

Бүгінде барлық елдер шамадан тыс шығарындылармен белсенді күрес жүргізе бастады. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, осыған байланысты бізде де өнеркәсіп кәсіпорындарына «тегін» квоталар кезең-кезеңімен қысқаратын болады. Квотадан тыс барлық шығарындылар үшін кәсіпорындар төлемек. Яғни, олар жаңа төмен көміртекті технологиялар үшін ақы төлеуді немесе қосымша квоталар сатып алуды таңдауы керек.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы дамыған елдерде мамандандырылған биржалар шығарындыларға квоталар сататынын, сондықтан «көміртегі бірліктері» саудасы бойынша мамандандырылған биржалар құрып, әлемдік тәжірибені ұстану керектігіне назар аударды.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, мұндай тәсіл болашақта біздің биржалық қатысушыларға халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Осыған сәйкес, Палата Төрағасы аталған заң жобасы бойынша  жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін өзгертулер енгізіп, қажет болған жағдайда нормаларды экологиялық кодекспен сәйкестендіруді ұсынды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және ынтымақтастықтың өзге салаларындағы техникалық кедергілерді жоюға, сондай-ақ мемлекеттердің заттар мен материалдардың стандартты үлгілеріне қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде қосымша сынақтар жүргізбестен ұлттық және мемлекетаралық стандартты үлгілерді жасау мен қолдануды, сондай-ақ мемлекетаралық стандартты үлгілерді қолдануды көздейді.

Отырыста Палата депутаттары кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Бюджет саясатының және бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану процесінің тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында бюджет шығыстарының қайтарымдылығын арттыруға бағытталған бюджет процесін жетілдіру көзделеді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын жетілдіру, бағалау қызметін және атқарушылық іс жүргізуді реттеу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында осы заң жобасы шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер енгізілді және онда: жеке тұлғаның тұрғын үймен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздар бойынша мерзімі өткен міндеттемені кепілге салынған мүліктің болмашы және мөлшерлес емес құнына жатқызу үшін орындалмаған міндеттеме сомасын 10%-дан 15%-ға дейін және мерзімді өткізіп алу кезеңін 3 айдан 6 айға дейін арттыру көзделеді, бұл мүлікке өндіріп алуды қолданудан бас тарту үшін негіз болады; кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті соттан тыс, сондай-ақ сот арқылы өткізу кезінде өз бетінше өткізу рәсімінің міндеттілігін белгілеу; егер сауда-саттықтың екінші қатысушысы кредитордың қызметкері немесе үлестес тұлғасы болып табылса, егер сауда-саттыққа қатысушылар жұбайлары, жақын туыстары болып табылса, кредитордың, оның қызметкерлерінің және үлестес тұлғаларының, заңды тұлғаның сауда-саттыққа қатысуына тыйым салуды енгізу; тараптардың келісімі бойынша ипотеканы соттан тыс тәртіппен өткізу кезінде сенім білдірілген адамды айқындау (қазіргі уақытта кепіл ұстаушы айқындайды); ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге берілген жылжымайтын мүлік сот тәртібімен сатылған жағдайда, борышкер-жеке тұлғада ең төменгі жалақының 2 еселенген мөлшерінен (қазіргі уақытта – 1 ЕТЖ) асатын өндіріп алу қолданылуы мүмкін өзге мүлік немесе табыстар болмаған кезде ипотеканы тоқтату. Бұл норманы 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттарына да қолдану; нотариустың борышкердің тұрғылықты жері бойынша нотариаттық жазба жасауы; сауда-саттықта сату бағасын төмендету шегін бастапқы бағалау құнының 75 пайызынан төмен емес мөлшерде белгілеу; жосықсыз бағалаушылар тізілімін ендіру және олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту көзделеді.

Сонымен қатар, жиында депутаттар 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Е.Смайлов, Д.Еспаева, Е.Саиров, Ж.Сүлейменова, Ж.Омарбекова, Е.Барлыбаев, Д.Тұрғанов, С.Нақпаев.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі