Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.01.2022

Мәжіліс Мемлекет Басшысының ұсынысын қолдады


Нұр-Сұлтан, 11 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламенттің жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Әлихан Асханұлы Смайыловты Премьер-Министр етіп тағайындауға келісім берді.

Отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин күн тәртібіне бір ғана сұрақ ұсынылып отырғанын айтты. Ол «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру туралы.

Конституцияға сәйкес Мемлекет Басшысы Премьер-Министрдің кандидатурасы бойынша Мәжілістегі саяси партиялар  фракцияларымен консультация өткізіп, Президент Премьер-Министрді тағайындауға Палатаның келісімін алу үшін тиісті  ұсынысын Мәжіліске  енгізді.

Мемлекет басшысы бейнебайланыс арқылы депутаттарға еліміздің жаңа Премьер-Министрі қызметіне Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды.

Отырыс барысында депутаттар елдегі күрделі кезеңді ескере отырып, Президенттің ұсынымын қолдап сөз сөйлеп, талқылауға қатысты.

«Nur Otan» партиясы  фракциясының  мүшесі,  депутат  Мұхтар Ерман қалыптасқан күрделі жағдайда Президенттің бұл шешімі өте дұрыс екеніне тоқталып, Әлихан Смайыловтың мемлекеттік және саяси қызметте тәжірибесі мол, Үкімет пен Президент Әкімшілігінде жауапты лауазымдарды атқарғанын, қаржылық, экономикалық, өңірлік мәселелерді терең меңгергенін атап өтті.

-Мәжіліс депутаттары маңызды заңдарды талқылау мен қабылдау кезінде оның Парламентпен тиімді өзара іс-қимыл жасағанын жақсы біледі. Әсіресе, үшжылдық бюджетті қабылдау жұмысын атап өту қажет, онда депутаттар мен Үкімет мүшелері Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын ескерген болатын, - деді М.Ерман.

Өз кезегінде, «Ақ жол» партиясы фракциясының  жетекшісі, депутат Азат Перуашев республикамыздағы мыңдаған қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің атынан Мемлекет басшысына жылы лебізін жеткізе отырып, Президент ұсынған кандидатураны қолдайтындарын айтты.

Депутат Альберт Рау отыз жылдық тарихымызда алғаш рет Үкіметті жасақтау аса күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өтіп: 

-Үкіметтің жаңа құрамының алдында ең алдымен, өмірдің барлық саласын қалыпқа келтірудің күрделі міндеті тұр. Болған оқиғаның салдарын еңсеру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын тез әрі сапалы орындау қажет, - деді.

Сонымен қатар, А.Рау Ә.Смаиловты ең алдымен экономиканың, әлеуметтік саланың барлық саласын терең меңгерген маман ретінде бұрыннан білетінін, ұсынылған кандидатураны қолдайтынын және әріптестерінен де оны қолдауын сұрады.

Ал, депутат  Айқын Қоңыров өз сөзінде «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы Мемлекет басшысының ұсынысын толығымен қолдайтынын айтты.  

- Сіз сындарлы сәтте стратегиялық тұрғыда дұрыс шешім қабылдадыңыз. Бұл шешім Үкіметтің жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Біз Қазақстан Министрлер кабинетінің басшысы лауазымында Алихан Асханұлы ел экономикасын дамыту мен әлеуметтік саланы нығайту жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдіміз. Біз оны тәжірибелі маман, белсенді өмірлік ұстанымы бар азамат ретінде танимыз, - деді.  

Жиында Қазақстан Халқы Ассамблеясы депутаттық тобының  мүшесі, депутат Наталья Дементьева бүгінгі жағдайда біз, ең алдымен, Қазақстан халқының бірлігін, еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, Мемлекет басшысының төңірегіне топтасып, оның шешімдері мен бастамаларын қолдау қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жаңа Үкімет басшысы мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен, жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымымен алдағы уақытта да Президент қойған міндеттерді табысты шешуге септігін тигізетініне кәміл сенетініне тоқталды.

Талқылаудан кейін дауыс беру өтіп, оның нәтижесінде Мәжіліс көпшілік дауыспен Әлихан Смайыловты елдің Премьер-Министрі етіп тағайындауға Президентке келісім беріп, Қаулы қабылдады.

Отырыста Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі