Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.01.2022

Мәжіліс елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды


Нұр-Сұлтан, 12 қаңатар, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары елдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыста Мәжіліс Спикері кеше ғана Мәжілістің онлайн отырысына қатысқан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанымыздың алдында тұрған негізгі мақсат-міндеттерді белгілеп бергенін атап өтіп:

Мемлекет Басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан, біздің депутаттық корпус барлық бастамаларды жедел, тиісті заңдармен қамтамасыз ету жұмысына кірісті. Бұл жолда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы, сонымен бірге, еліміздің қауіпсіздігін қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және білімді күшейтуге ерекше назар аударатын боламыз, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы депутаттар Үкіметпен бірлесіп, осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыру керектігіне баса назар аударды.

Сонымен қатар, бүгін Палата депутаттары біршама жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық туралы, кинематография және мәдениет мәселелері бойынша, тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы,  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бар.

Палата депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы, Қазақстан мен Түркі Академиясына байланысты  келісім және БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциялары.

Мәжіліс отырысында депутаттар Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы ратификациялық келісімді мақұлдады.

Келісім екі ел резиденттерінің қаржы шоттары туралы өзара ақпарат алмасуды көздейді, бұл өз кезегінде, Қазақстан үшін салықтарды жинаудың және әкімшілендірудің қосымша құралы болып табылады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Г.Хамзин, Ж.Сүлейменова, А.Линник

 

 (Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков)



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі