Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.01.2022

Мәжілісте әскери полиция органдары туралы заң жобасы таныстырылды


Нұр-Сұлтан, 25 қаңтар, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Бейнебайланыс форматында өткен отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қаржы, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сергей Решетников Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы қайғылы оқиғалар аясында ұлттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар проблемаларға тоқталып, Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарының, Ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құру міндетін қойғанын атап өтті. Осы орайда депутат таныстырылып жатқан заң жобаларының маңыздылығына ерекше назар аударды.

Негізгі нормалар туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов баяндады.

Заң жобасын әзірлеу әскери полиция органдарының өкілеттіктерін кеңейтуге, Қарулы Күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, нақты орындалатын функцияларды заңнамалық бекітуге бағытталған.

С. Камалетдиновтың айтуынша, заң жобасында Қарулы Күштердің әскери полиция органдарына әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруды ведомстволық бақылау функциясын беру көзделген. Қазіргі уақытта, Қарулы Күштердің әскери полициясы орындайтын, заңнамалық деңгейде регламенттелмеген функциялар мен міндеттердің спектрі бар, мысалы:

- Қорғаныс министрлігінің режимі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету (өткізу және ішкі объектілік режимдерді қамтамасыз ету);

- әскерлер қызметі мен тәуліктік нарядты, диверсияға қарсы қауіпсіздікті, әскери объектілердің, ішкі және гарнизондық қызметтердің терроризмге қарсы қорғалуын жоспарлауды ұйымдастыру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерін техникалық күзет құралдарымен инженерлік-техникалық нығайту жөніндегі талаптарды сақтауға ішкі бақылауды жүзеге асыру.

Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді тиімді орындау мақсатында әскери полиция органдарының әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруді жүзеге асыру, әскерлердің қатысуымен күзет, бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға кіру кезінде адамдарды, олардың заттарын, көлік құралдары мен тасымалданатын жүктерді тексеріп қарауды жүзеге асыру құқығын бере отырып, олардың құқықтарының көлемін кеңейту ұсынылады, қызметтік міндеттерін орындау кезінде құқыққа қайшы әрекеттерді тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану (бейнетіркегіштер мен бейне жетондарды пайдалану).

Ұғымдық аппаратты біркелкі қолдану және түсіндіру үшін «қызметкер» ұғымын алып тастай отырып, «әскери полиция органдарының әскери қызметшісі» ұғымын қалдыру ұсынылады.

Сондай-ақ, әскери полиция өкілдерінің бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық миссияларға, атап айтқанда БҰҰ миссияларына қатысуын регламенттеу мақсатында заңда тиісті түзету көзделген (әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметіне қатысу).

Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттары А. Құспан, Ж. Ахметбеков, Ф. Қаменов, Д. Әлімбаев, А. Линник, А. Паяев, Б. Дүйсенбинов, И. Унжакова, А. Бердалин, Ғ. Ташқараев бейінді мемлекеттік органдар өкілдеріне сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Заң жобасы бойынша талқылау одан әрі депутат Сергей Решетников жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасатын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. М.Мұса, 74-63-04. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі