Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
29.04.2022

«AMANAT» партиясының фракциясы Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы шешімін қолдады


Нұр-Сұлтан, 29 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиналысын өткізіп, саяси реформалар аясында депутаттар алдында бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.

Жиын барысында Ерлан Қошанов Фракция мүшелеріне Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ҚХА сессиясы барысында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастамасының маңыздылығына ерекше назар аударды.

Бұл жан-жақты сараланған тарихи шешім. Біз мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрмыз. Ол – азаматардың саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің трансформациясы. Алдағы өзгерістердің ауқымын ескере отырып, оған күллі халықтың қатысуы өте маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы референдум өткізуді ұсынды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көшуде. Ол өзгерістердің ауқымы ескеріле отырып, «Екінші республика» деп аталды.

Е.Қошанов Мәжіліс депутаттарына да зор жауапкершілік  жүктеліп отырғанын айтып, олардың түсіндіру жұмыстарына қатысуы маңызды екенін атап өтті.

- Біздің міндетіміз –  Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды халыққа дұрыс жеткізу, – деді палата Төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттарына өңірлердегі түрлі диалог алаңдарында, еңбек ұжымдарында және дәрігерлер, мұғалімдер, жастар, қоғамдық көшбасшылармен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізудің қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ барлық реформалардың қоғам мен әрбір азамат үшін маңызын қарапайым тілмен жеткізуге тиіс екенін атап өтті.  

Бұл ретте Мәжіліс Спикері депутаттардың сапары қалалар мен аудандарға ғана емес, сондай-ақ әр түрлі санаттағы азаматтарды барынша қамти отырып, шалғай елді мекендерге шығуын ұйымдастыруды тапсырды.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі