Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
04.05.2022

Мәжіліс цифрландыру мәселелері туралы заң жобасын I оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 4 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, депутаттар инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.   

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова  осы заң жобасы туралы айтып, ол  азаматтардың мемлекеттік қызметтерге және цифрлық сервистерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталғанына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқарту мақсатында ауылдық елді мекендерде халықтың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуінің цифрлық нүктелері ашылады. Сонымен қатар заң жобасында электронды құжаттың қағаз құжаттармен тең мәні көзделетін түзетулер енгізілген. Заң жобасы электронды құжаттың мәртебесін бекітіп,  азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы куәліктер мен анықтамаларды электронды форматқа көшіру көзделген.

Жиында Қазақстан мен Армения арасындағы Арменияға мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау заң жобасын мақұлданды.

Жалпы отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы келісілген салық саясатының қағидаттары туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 

Хаттама ТМД елдері тарапынан келісімнің мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ келісімдегі ережелердің қазіргі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты күн тәртібіне шығарылған.

Сондай-ақ отырыс барысында Палата комитеттері «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады. 

Заң жобасы республикалық референдумды өткізу кезінде қолданылатын сайлау бюллетеньдері нысанын сайлауда қолданылған бюллетеньдермен сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Құжатта республикалық референдум кезінде сайлау бюллетеньдеріне қойылатын талаптарды реттейтін нормалар бар, бұл азаматтардың дауыс беру процесінде қолайлы жағдай туғызады.

Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов ұсынылып отырған өзгерістер «Республикалық референдум туралы» заңның мазмұнын өзгертпейтінін, түзетулер тек нақтылау сипатында ғана жасалып отырғанын атап өтті.

- Ұзақ жылдан бері азаматтар өз таңдауын бюллетенде белгі қою арқылы жүзеге асырып келеді. Ал қолданыстағы заңда қажет емес нұсқаны сызып тастау керектігі айтылған. Біз үшін адамдардың шатасып кетпеуі маңызды. Осы орайда бұл өзгертулер арқылы заңды елімізде көп жылдан бері қалыптасқан дауыс беру тәжірибесіне сәйкес бейімдеп жатырмыз, – деді Ерлан Қошанов.

Жиында бірқатар ратификациялық заң жобалары жұмысқа алынды. Олар: ЕАЭО туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама, Қазақстан мен Беларусь арасындағы осы елде мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім.

Жалпы отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты Закиржан Кузиевтің ант беріп, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды.      

Сонымен қатар Палата Мәжіліс депутаты Айдос Сарымды Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысуы туралы қаулы қабылдады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары орталық атқарушы орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі