Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.05.2022

Мәжіліс Президенттің отандық кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 25 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Жиын барысында депутаттар бірінші оқылымда Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Ол Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында және отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылған жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Жалпы заң жобасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін бюджетке қосымша қаражат тартуға, капиталды шетелге шығару тәуекелін азайтуға, өндірісті дамытуға қаражатты қайта инвестициялауға, жаңа кен орындарын игеру үшін ынталандыру шараларын қолдануға, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған.

Осы заң жобасының аясында салық салудың сараланған тәсілін қолдана отырып, пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың мөлшерлемелерін ұлғайту, рентабельділік деңгейіне байланыстыра отырып, жаңа кен орындары үшін осындай салықты төлеуден босату қарастырылған.

Сонымен қатар дивидендтер бойынша жеңілдіктердің күшін жою және оларға салық салу, бейрезидент-үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды шектеу мен цифрлық майнингке салық салу мөлшерлемелерін арттыру көзделген. Және төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген залалды өтеу кезінде салықтық жеңілдіктер беру мәселелерін реттеуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу ұсынылған. Сондай-ақ, темекі өнімдеріне акциз ставкаларын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында белгілеу қарастырылған.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыруға, теңіз аварияларының салдарын жоюға байланысты қатынастарды реттеуге және  теміржол көлігіндегі апаттар, авариялар мен оқиғаларды тергеудің тиімділігін арттыруға және т.б. бағытталған.

Заң жобасында 11 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер және Еңбек кодекстеріне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Теміржол көлігі туралы», «Ішкі су көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және басқа да заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.       

Жалпы отырыста Палата комитеттері біршама жаңа жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар бірқатар  ратификациялатан заң жобаларын да жұмысқа алды. Олар: Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісім, сондай-ақ,  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісім мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация туралы заң жобасы бар.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

 (Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков).

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі