Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.06.2022

Мәжіліс Үкіметінің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарады


Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды Қазақстанның жаңартылған Конституциясымен құттықтады.

«Өткен референдумның қорытындысы қазақстандықтардың басым көпшілігі Президенттің саяси жаңғыру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті.  Бірлік пен сенім – «Жаңа Қазақстанның» негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім бар, ауызбірлік бар, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Мемлекет басшысының сенімін ақтап, саяси өзгерістерді заңнамалық тұрғыда сапалы әрі жедел іске асыруымыз қажет», – деді Палата Спикері.

Жалпы отырыста Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Сонымен қатар жиында депутаттардың бастамасымен әзірленген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жоғарыда аталған түзетулерді енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады.

Бұл құжаттар заңнаманы және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатымен әзірленген.

«Биыл Қазақстан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауының екінші кезеңінен өтуі керек. 2021 жылдың күзінде біз ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы халықаралық стандарттарына сәйкес негізгі ұсыныстарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатымен заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасадық», – деді Мәжіліс депутаты С.Симонов.

Жалпы отырыста қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске осы аталған түзетулерді енгізу туралы депутаттардың бастамасымен әзірлеген заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.    

Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ю.Ли заңның 217-бабында анық жазылғандай, енді танымал тұлғалар, соның ішінде әншілер мен блогерлер, вайнерлер қаржылық өнімге қатысты жарнама жариялар алдында өте мұқият болуы керектігін айтты.

«Бұл үшін заң аясында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Оның ішінде 2000 АЕК және 600 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бірлескен топтар үшін қылмыстық жаза 3-7 жыл аралығында болуы мүмін және мүлкін тәркілеу көзделген. Бұл өте қатаң шара деп айтар едім», – деді Ю. Ли.

Өз кезегіне Мәжіліс Төрағасы бұл маңызды заң жобасына  Мәжіліс депутаттары бастамашы болғанына тоқталып,  заң жобаларының қаржы пирамидаларын құрғаны және оны жарнамалағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын айтты.

Жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Олар: Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексі, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы және волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жоба.

Отырыс барысында депутаттар Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.

Онда Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е. Жамаубаев, Есеп комитетінің төрайымы Н. Годунова баяндама жасады.

«Трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалды. Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 7,1 трлн теңгені немесе жоспарға қарағанда 102,1 пайызды құрады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына (225 млрд теңге), шикі мұнайға экспорттық кеден бажына (89 млрд теңге) және импортқа қосылған құн салығына (41 млрд теңге) тиесілі болды», – деді Е.Жамаубаев.

Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің айтуынша, экономикадағы іскерлік белсенділіктің біртіндеп жандануы, салық әрі кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс салық түсімдерін ұлғайтудың маңызды факторларының бірі болды.

Отырыс барысында депутаттар министрлерге сұрақ қойып, пікір алысты.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков

 

 

1

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі