Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.09.2022

Қазақстан-Америка ынтымақтастығы Парламентаралық диалогтың маңызды құрамдас бөлігі


Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Парламентте АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының депутаттары Джеймс Панетт пен Томас Суоцциді қабылдады.

Тараптар Қазақстан-Америка өзара іс-әрекетінің кең ауқымды мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған күннен бастап 30 жыл ішінде сенімді саяси диалог құрылғанын және екіжақты қатынастар кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін ерекше атап өтті.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, сауда және инвестиция, терроризмге қарсы күрес, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да көптеген салада тығыз ынтымақтастық орнағаны Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының жоғары деңгейінің дәлелі.

Мәжіліс Спикері шетелдік әріптестерін конституциялық өзгерістер бойынша өткен референдумның қорытындылары, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілетін өзгерістер туралы хабардар етті. Жүргізіліп жатқан реформалар бизнес пен саясатта тең жағдай жасауға бағытталғанын айтты.

Өз кезегінде АҚШ Конгресі Өкілдер Палатасының депутаттары Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді іске асыру жолындағы жетістіктерін жоғары бағалап, адам құқықтарын сақтау саласындағы үлкен прогресті атап өтті.

- Өткен реформалар, кешегі Президент Жолдауы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі, сондай-ақ діни сенім бостандығы мәселелері – ең жоғары бағаға лайық, – деді Томас Суоцци.

Кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәжіліс Төрағасы қазақстандық және америкалық парламентшілердің сындарлы жұмысы екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстандық тараптан кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қатысты.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі