Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.09.2022

Мәжілісте конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен бірқатар жаңа заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Олардың қатарында Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Прокуратура туралы конституциялық заң жобалары, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кейбір конституциялық заңдарға және заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобалары бар.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева аталған құжаттар негізінен Конституциялық Соттың құрылуына және оның қызметіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін және мемлекеттің құқық қорғау институттарын нығайтуға, Прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтуге, Конституциялық Соттың қызметіне байланысты және сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті көздеуге, конституциялық реформаға байланысты сайлау жүйесін жетілдіру, биліктің өкілді тармағын қайта форматтауға бағытталғанын айтты.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы заң жобасы  Конституциялық Сот мәртебесін және конституциялық іс жүргізуді жүзеге асырудың ерекшеліктерін айқындайды.

Енді Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық Сотқа берілмек. Ең бастысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады, – деді А.Мұқанова.

Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Конституциялық Соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленетін болады.

Ал Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – уәкілдің құзыреттілігін күшейтуді және оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыруды көздейді.

– Уәкілге Парламент Палаталарының кез келген, ашық та, жабық та, бірлескен және бөлек отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге,  адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну, басқа мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету,  арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқықтары берілмек, – деді Әділет вице-министрі.

Ал «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобасы бойынша баяндаған Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев құжатта тексерулер жүргізу, заңдылықтың жай-күйін талдау, заңды күшіне енген актілерді бағалау, сондай-ақ апелляцияларды қарауға қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілгенін атап өтті.

Мәселен, прокурор – лауазымды тұлғалардан, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерінен түсініктеме алуға, қоңырау шалуға, ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, атқарушылық іс жүргізуді сұратуға және алуға, өтініштерді қарау және тексерулер шеңберінде прокурор адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса, лауазымды адамдардың әрекеттерін 3 жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы болады.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кейбір конституциялық заңдарға және заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге арналған заң жобаларында Президенттің жергілікті атқарушы органдарға, Жоғары Сот Кеңесіне қатысты өкілеттіктерін қысқартуға, Парламентті қалыптастыру тәртібін қайта қарауға және Президент, сондай-ақ оның жақын туыстары қызметінде болған кезеңде шектеулер енгізуге қатысты ережелер қамтылған.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістердің ішінде Конституциялық Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, сайлау туралы үгіт-насихат материалдарын жаңалықтар мен талдау бағдарламаларына таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік, онлайн-платформалар арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделеді.

Комитет Төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған бұл заң жобалардың Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызы зор.

Таныстырылым барысында көптеген сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Олардың барлығы алдағы жұмыс тобының отырыстарында ескерілетін болады.

Отырысқа депутаттармен бірге, Ішкі істер, Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың, Жоғары Сот Кеңесінің, Конституциялық Кеңестің өкілдері және сарапшылар қатысты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі