Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.09.2022

Мәжілісте 2023 – 2025 жылдарға арналған бюджет және трансферт туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 8 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтті. Отырысты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов жүргізді.

Іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Юлия Энгель және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин 2023 жылы республикалық бюджет кірісі 13,9 трлн теңге болатынын айтты.

Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, болжам 2021 жылғы экономикалық өсім туралы қорытынды деректерді, халықаралық қаржы институттарының әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлар бағасына қатысты күтулерін ескере отырып қалыптастырылған.

Азамат Әмрин атап өткендей, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірісі болжам бойынша осы жылдың нақтыланған жоспарынан 37 пайызға өсіп, 13,9 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге қатысты 11,5 пайыз болды. Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 16,3 трлн теңгеге дейін өсімі күтіледі.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика вице-министрі бюджеттің меншікті қаражатының үлесі үш жылдық кезеңде 2023 жылғы 70 пайыздан 2025 жылы 75 пайызға дейін артатынына тоқталды.

Жалпы алғанда «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы елдің 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық болжамының негізінде, сондай-ақ бюджет заңнамасындағы соңғы өзгерістерді ескере отырып әзірленді.

Осы тәсілдерді ескере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей айқындалды:

Түсімдер: 2023 жылы – 17 803 млрд теңге; 2024 жылы – 18 158 млрд теңге; 2025 жылы – 18 795 млрд теңге.

Шығыстар: 2023 жылы – 21 003 млрд теңге; 2024 жылы – 21 647 млрд теңге; 2025 жылы – 22 660 млрд теңге.

Тапшылық: 2023 жылы – 3 200 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 2,7% ; 2024 жылы – 3 489 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 2,6%; 2025 жылы – 3 685 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 2,5%.

Бюджет теңгерімділігі сақталған және әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын және негізгі міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз етеді. Шығыстар құрылымында оның негізгі үлесі әлеуметтік салаға келеді.

Мәселен, 2023 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге жоспарланған. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді.

Отырыс барысында депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, пікір алмасты.

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бойчин жетекшілік етіп, отырыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлер одан әрі талқыланатынын атап өтті.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі