Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.09.2022

Мәжіліс Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісім және өзге де ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 14 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім, ЕАЭО-тың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары және тәсілдері туралы келісім, сондай-ақ «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бар.

«2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов баяндама жасады. Оның айтуынша, толық ауқымдағы келісім әзірленіп жатыр.

«Иран – біз үшін стратегиялық бағыт деуге болады. Бұл 80 миллионнан астам халқы бар әлеуеті зор нарық. Келісім ұзартылған жағдайда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 16-16,6%-ға немесе 377,4-440,1 млн АҚШ долларына артады», – деді вице-министр.

Осы заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаты Ж.Ахметбеков сөз сөйледі. Ол бұл жобаның уақытша келісімді 2025 жылдың қазан айына дейін ұзартуға бағытталғанын түсіндірді.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы А.Рау келісімнің Қазақстанға экспорттық қызығушылық тудыратын бірқатар тауарға баж салығын төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда қазақстандық экспортшылар тарифтік преференциялар алатын жекелеген тауарлар тізімінде астық, ұн мен құрыш сияқты еліміз үшін маңызы зор тауарлар жоқ.

«ЕАЭО елдері мен Ирандағы импорттық кедендік баж салығының теңсіз төмендеуі де назар аудартады. Иран тарапы сиыр еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон, кондитерлік өнімдер секілді 360 тауарға, ал ЕАЭО елдері 502 тауарға импорттық баж салығын төмендетті. Олар: пісте, құрма, мейіз, кондитерлік өнімдер және тағы басқалар», – деді А.Рау.

Сондай-ақ депутат еркін сауда аймағы туралы толыққанды келісім бойынша келіссөздер белсене жүріп жатса да, отандық бизнестің мүддесін қорғау қажеттігіне баса назар аударды.

Отырыс барысында вице-министр Е.Баттақов «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары және тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Бұл Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді анықтау, сондай-ақ айналымға шығармау мақсатымен мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының өзара іс-қимылын айқындайды.

Сонымен қатар жалпы отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімге 2012 жылы 20 маусымда Рио-де-Жанейрода қол қойылған. Институттың өзі 2010 жылы құрылды және халықаралық зерттеу орталығы болып табылады. Оның негізгі қызметі – экономикалық өсудің жаңа моделі саналатын «Жасыл өсуді» қолдау.

– Институт Париж келісімі аясында қабылданған міндеттемелерге қол жеткізу үшін жасыл өсу стратегиялары мен ұлттық жоспарлар әзірлеуде үкіметтерге қолдау көрсетеді. Институт қолдаудың бірнеше бағытын қамтиды: экологиялық әсерді бағалау, қаражат тарту және жасыл жобаларды жүзеге асыру, білім алмасу, - дегенді айтты Талғат Момышев.

Сондай-ақ бұл келісімге қосылу арқылы Қазақстан өзіне ешқандай міндеттеме жүктемей, техникалық көмек тарту мүмкіндігі мен институттың сараптамалық әлеуеті және жинақталған білім базасына қол жеткізетінін атап өтті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары В.Ким, К.Авершин, М.Елубаев, Ә.Рахымжанов, Ғ.Ташқараев, А.Қоңыров, Е.Смайлов мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі