Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
16.09.2022

Парламент Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады


Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясын құру мәселелері қаралды.

Бірінші оқылымда «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Министр заң жобасының Мемлекет басшысының саяси бастамаларына сәйкес, Парламент депутаттарының ұсынысы бойынша әзірленгенін айтты. Онда бес бапқа өзгеріс енгізу мен бір бапты толықтыру көзделген.

Алдымен депутаттар Президенттің өкілеттігін шектеу және бір реттік жеті жылдық мерзім белгілеу мәселесін талқылады.

– Ұсынылған конституциялық новелла биліктің монополиялану тәуекелдерін едәуір төмендетеді және билікті қалыптастыру мен жұмыс істеуінің өркениетті қағидаттарын белгілейді. Сондай-ақ саяси тұрақтылықты, қоғамдық құрылыстың қазақстандық моделінің орнықтылығын нығайтады. Депутаттар ұсынғандай, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу осы заң жобасы күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге Президент болып сайланған адамдарға қолданылатын болады, – деді Әділет министрі.

Қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір реттік мерзімнің енгізілуі суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті арылуға жол ашады. Жаңа Мемлекет басшысы сайланғаннан кейін оның және одан кейінгі барлық президенттің сайлауға қайта қатысу мүмкіндігі заңды түрде шектеледі, – деді Сенат депутаты Владимир Волков.

Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты, оның Қазақстанның жаңаруы мен халықтың өсіп-өркендеуі жолындағы бағытын және Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерді толық қолдаймыз. Біз қолдау мен сенім туралы сөз еткенде, ондаған, жүздеген мың партия мүшесінің, еңбек ұжымдарының, кәсіпкерлердің, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, өңірлердегі іссапарларымызда үнемі кездесіп тұратын барлық адамның атынан сөйлейміз. Себебі біз олардың мәселелерін шешу үшін күнделікті жұмыс істейміз, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов.

Содан соң Конституциялық Сот судьяларының қайта тағайындалуына шектеулер белгілей отырып, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттіктерін сегіз жылға дейін ұлғайту және елордаға «Астана» атауын қайтару мәселелері қаралды.

Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Бір елорданың өзінде халықаралық әуежайдың, бірнеше ескерткіштердің, саябақтың, оқу орнының ол кісінің есімімен аталуының өзі құрметтің белгісі. Ал халықтың негізгі  талабы – кезінде өзінің пәрменімен Елордаға берілген Астана атауын қайтару. Депутаттар сол себепті сайлаушылардың өтініштерінің негізінде арнайы бастама жасады, – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қабылдауға бірауыздан дауыс берді. Мәжіліс Спикері бүгін ел болашағын айқындайтын маңызды шешім қабылданғанын атап өтті.

– Қазақстан жаңа саяси дәуірге қадам басқалы тұр. Біз сол ұзақ жолдың алғашқы қадамын бастадық. Бұған дейін бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған конституциялық реформа саяси жаңғырудың негізін қалады.    Ал бүгінгі қабылданған шешім сол реформалардың нүктесін қойып, мемлекетіміздің жаңа саяси модельге көшуіне жол ашады. Еліміз демократияға қарай нық бағыт алды. Мемлекеттік құрылым түбегейлі өзгереді. Солайша, біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңайына топтасып, әділетті қоғам құрып, ел байлығының халыққа теңдей бөлінуіне жағдай жасап, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, бейбіт те берекелі өмірдің орнығуын қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар бірлескен отырыста депутаттар Парламенттің регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы депутаттардың ұсыныстарын қарау жөніндегі Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітті. Комиссия құрамына Сенаттан: Ақмарал Әлназарова, Владимир Волков, Ақылбек Күрішбаев, Ерік Сұлтанов,  Мәжілістен: Сауытбек Абдрахманов, Арман Қожахметов, Айқын Қоңыров және Азат Перуашев енді. Комиссия төрағасы болып Арман Қожахметов сайланды. Жиналғандар бірауыздан қолдап дауыс берді.

Мәжіліс Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі