Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.09.2022

Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеген Сенат және Мәжіліс депутаттарының баяндамалары


Қазыбек ИСА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі

 

Құрметті төраға, қадірлі әріптестер!

 

Бүгін біз еліміздің болашағын айқындайтын аса маңызды, тарихи шешім қабылдауға жиналып отырмыз. Бұл жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашылатыны анық.

Президенттің жалпы  өкілеттігі  екі мерзімнен бір мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл Президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды.

Бұл құрғақ сөз емес. Мысалы, демократияның атасы дейтін Америка Құрама Штатында кезінде сондай жағдай заңды деп танылған. АҚШ Конституциясына 1947 жылы енгізілген 22-ші толықтыруда: «Бір адам екі мерзімнен тыс Президент бола алмайды» деген талабымен қоса «Бұл талаптың  енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ» деп айқын жазылған.

Осы  халықаралық дәстүрге сай, егер бұл Конституциялық өзгерістер  президент сайлауынан кейін болатын болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты  тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Ондай үшінші рет сайлауға түсіп, өткен  жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып,  2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып  отыр.

Яғни, Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және Президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолғы Президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына сайлауға қайта қатысуға заңмен тыйым салынады.

Бірден айтарымыз, Президентті  бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың айқын қадамы және саяси реформалардың жалғасы.

1.Президенттікке бір рет қана сайлану – екінші кезеңге үміт арту жойылғандықтан, президент бар қайрат-қуатын, білік-білімі мен іскерлігін  өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікте барынша жұмсап қалады. Келесі президенттікке түсуді ойлап, түрлі саяси айла-амалдарға бармайды.

2. Әр Президенттің екінші мерзімге сайланбайтыны ең алдымен келесі болатын жаңа Президент үшін жарқын жол ашу, демократиялық зор қадам. Өйткені сайлау екі мерзім болған жағдайда, әр Президенттің жаңа үміткерден  гөрі қайта сайлануға мүмкіндігі көп болатыны белгілі. Сондықтан Президент Тоқаевтың бір мерзім ғана президенттікті енгізіп,  келесі президентке айқын жол ашуы тек қолдауға лайық, көптеген елдер арасындағы алғашқы либералдық қадам.

3.Осы біз президенттікке  ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші Президентке  зорға жетіп отырған жоқ па?  Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір, көрдік... Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда екі Президент болады. Енді Президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Атазаңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, «Неге президент бір рет қана сайлануы керек»  деп, қисық тартып  жатқандарға не деуге болады?

Жеті жыл уақыт – қандай жетістікке жетуге де жеткілікті  мерзім. Қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық.

Кешеге дейін, «Мәжіліс сайлауы мен Президент сайлауы қашан болады?» деп шулап едік. Президент қоғам талабын екі есе орындап, екі сайлауды да жариялап еді, енді «Неге Президент сайлауы болады?» деп шыққандар да бар. Саясаткерлік – кез келген уақытта қандай сайлауға да дайын тұру. «Біз оянамыз дегенше, керуен кетіп қапты» деген байбалам саясаткерлікке жүрмейді. Сол секілді «Астананың бұрынғы атын қайтару керек» дегендер көп еді, еститін мемлекет ретінде депутаттар ел аралағанда ең көп айтылған халық талабын орындап жатса, енді неге «Астана атын ауыстырасыңдар» дегендер де шықты... Мұның бәрі қоғамды тұрақсыздыққа итермелеп жатқан теріс пиғылдылардың әрекеті екені анық.

Саяси бағдарламасы «Түбегейлі өзгерістер қажет» деп аталған «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері талмай көтеріп келе жатқан көп мәселелер Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауларында және  референдумда көтерілді. Яғни, саяси жүйе өзгермей, еліміздің алдында тұрған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу,  нарықтық экономика мен әділетті бәсекелестікті  дамыту  мүмкін емес екеніне көзіміз жетті. Сол проблемалардың кілті осы саяси реформада жатыр. Бұлардың бәрі партия төрағасы Азат Перуашевтың «Егеменге» шыққан екі беттік көлемді  мақаласында жіліктеп көрсетілген.

Сондықтан да біз ұлттық мүддені қорғауға арналған Президент Жолдауындағы Конституциялық саяси реформалардың іске асуын қолдап, Ақ жол тілейміз.

Қадірлі халайық!  Елімізге сын сағаты туғанда, атам қазақ қашаннан бір тудың астынан табылған. Сондықтан,  «Ынтымақ – ырысқа бастайды» дегендей, бағасы жоқ Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін, бәріміз жан-жаққа тартпай, осы Конституциялық реформаларды қолдап, Ұлттық бірлесуге қадам жасайық. 

Жер тұтастығын сақтау үшін, ең алдымен Ел тұтастығы керек!

Ел аман, жұрт тыныш болсын! Ақ жол!

 

Динар Нөкетаева

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 

Құрметті Палата төрағалары, құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!

 

Бүгін біз қарастырып отырған Конституцияға енгізілетін түзетулер Мемлекет басшысы бастамашылық жасап, дәйекті түрде жүргізіп отырған жаңғыртылған демократиялық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін түбегейлі маңызға ие.

Соңғы үш жылда демократиялық институттарды нығайту үшін үлкен жұмыс атқарылды. Партия жүйесін дамытуға, азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға және оны іске асыруға бағытталған заңдар қабылданды. Алғаш рет жергілікті әкімдерді тікелей сайлау енгізілді. Осы жазда біз аймақтарда болып,  азаматтармен пікір алыстық, бұл реформалар қәзірдің өзінде оң нәтиже беріп, халықтың қолдауына ие болды деп толық айтуға негіз бар. Бүгін біз Жаңа Әділетті Қазақстанды бірге құрып жатырмыз. Бүкілхалықтық референдумда мақұлданған Конституциялық реформа, саяси жүйені сапалы қайта құрудың негізін қалады. Оның мақсаты – суперпрезиденттік модельден бас тарту, саяси бәсекелестікті дамыту және билікті монополияландыру үшін мүмкіндіктерді болдырмау, елді басқаруға азаматтарды кеңінен тарту. Бірақ жаңа демократиялық нормалар тезірек жұмыс істеуі үшін, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта іске қосу қажет. Бұл міндетті ел Президенті 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынған сайлау шешуі тиіс. Алдағы президенттік және парламенттік сайлаудан кейін Президент, жаңартылған Парламент және қалыптасқан Үкімет біртұтас саяси парадигмада бірге жұмыс істеуі маңызды.

Сондықтан мен, депутаттарды Конституцияға ұсынылған түзетулермен заң жобасын қолдауға шақырамын.

 

Назарларыңызға рахмет!

 

Жанарбек ӘШІМЖАНОВ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

Құрметті Ерлан Жақанұлы! Құрметті әріптестер!

 

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты.

Бұл бастама ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Түрлі пікірлер туындады. «Президент бес жылға бір, сосын жеті жылға бір рет қайта сайлана ма?» деген сұрақтар да болмай қалған жоқ.

Жалпы республика жұртшылығы бұл ұсынысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалап, қолдады. Алайда, жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды. Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді, ол жаңа үлгі бойынша, Президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді.

Сол себепті, Конституцияға Президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәселені құқықтық жолмен реттейді.

Осылайша, президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады.

Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады.

Бір реттік жеті жылдық мерзімнің мәнісі неде? Мемлекет басшысы  бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі.

Аталмыш өзгеріс әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма! Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, Ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Һакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұстанымы берік жастар саясат аренасына шығады.

Сонымен қатар, бұл – елдің ішін алатайдай бүлдіріп, көш соңында «үрит-соқтап» жүретін емес, әр салада көшті бастайтын жаңа тұлғалар қалыптастыруға жасалған нақты қадам.

Бұл өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол.

Президенттік мерзімнің бір реттік қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігінен, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады. 

Президенттік лауазым – ең алдымен ұлы жауапкершілік. Бүкіл халықтың, тұтас мемлекеттің тізгінін ұстайтын тұлға білімді, білікті болумен қатар аса жауапкершілікте болуы шарт. Сөз бен іс үйлесуі керек. 7 жылдық мерзім кез келген мемлекет басшысы үшін сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауға жеткілікті мерзім.

Билік – сом алтын сияқты. Көзді де көңілді де арбайды. Сондықтан биліктің майлы жілігінен айрылмауды аңсайтындардың ендігі таңда жолы кесіледі.

Жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару. Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Бір Елорданың өзінде халықаралық әуежайдың, бірнеше ескерткіштерінің, саябақтың, оқу орнының ол кісінің есімімен аталуының өзі құрметтің белгісі. Ал халықтың негізгі  талабы – кезінде өзінің пәрменімен Елордаға берілген Астана атауын қайтару. Депутаттар сол себепті сайлаушылардың өтініштерінің негізінде арнай бастама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Пікір сан алуан, бірақ мемлекет жалғыз» деген ойды айтқан еді. Сондықтан ел – ортақ, жер – ортақ, Елорда – ортақ.

«Бүгін – ерте болса, ертең – кеш. Асығу – зиян болса, кешігу – қауіпті». Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік, турбулентті құбылыстарды бастан кешуде. Қазақ қоғамының да басынан алағай да бұлағай кезеңдер көшіп жатыр. Сондай кезеңдерде елдің көшін – Ер түзесе, әділетті Ердің ісін – ел жақтаса керек. Бүгінгі қоғам талқысына салынып, алуан пікірдің көрігін қыздырған мәселелердің құқықтық тұрғыдан бағасы берілу үшін осы заң жобасын қолдауға барша әріптестерімді шақырамын.

 

Назарларыңызға рақмет!

 

Нариман Төреғалиев

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 

Құрметті Палата төрағалары, құрметті әріптестер!

 

Қазақстанда президенттік институт саяси тұрақтылықтың жүйе құраушы факторы, мемлекеттің негізгі тірегі, сондай-ақ елдегі жүйелі реформалардың шешуші драйвері болып табылады.

Мемлекет басшысы атап айтқандай, біз мемлекеттік биліктің нақты вертикалы бар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – жауапты Үкімет» басқару моделін іске асырудамыз.

Жақында мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: теңдестірілген бәсекеге қабілетті демократиялық саяси жүйені қалыптастыру және биліктің шоғырлану тәуекелдерін жою мақсатында, Президенттің өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзімге дейін шектеуді белгілеуді ұсынды.

Жалпы бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Мәселен, Әзербайжан, Армения, Израиль, Ирландия және Италияда президентті сайлаудың жеті жылдық мерзімі белгіленген.

Жеті жыл – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын толық жүзеге асыруы үшін жеткілікті мерзім. Сонымен бірге, негізгі Заң – Президенттің қызмет мерзімін нақты шектейтіндіктен, сайланған Президенттің өз халқы мен ел тарихы алдындағы жауапкершілігі күшейеді.

Ұсынылып отырған өзгерістер қазіргі Президенттің Мемлекет басшысы лауазымындағы өкілеттік мерзімін ұзартпайды. Өйткені Президент қазіргі нормаға сәйкес 2024 жылғы сайлауда 5 жылға қайта сайлағанның өзінде өкілеттігі 2029 жылы аяқталар еді.

Еліміздің жаңартылған Конституциясы ойын ережелері әділ және ашық саяси жүйенің түбегейлі жаңа стандарттарын белгілейді.

Жеті жылдық президенттік мерзім өмірлік маңызы бар саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар үшін нақты мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл стратегиялық міндет. Ал оның табысты шешілуі Тәуелсіз Қазақстанның тағдыры мен халқымыздың әл-ауқатына тікелей тәуелді.

Қазіргі әлемде, біз, қоғамның тұрақты дамуын, еліміздің мүдделерін алға жылжытуды және қорғауды, әсіресе көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететін қуатты, құқықтық, демократиялық және тиімді мемлекет құруға тиіспіз.

Президенттің тыңдаушы мемлекет, Жаңа Әділетті Қазақстан құру бағытын осы міндеттер шешеді.

Ел басшыларының тұрақты ауысуы – қарқынды әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың маңызды факторы болып табылады.

Осылайша, қазіргі уақытта президенттік жеті жылдық мерзімді белгілеп, Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын өткізу орынды қадам деп санаймын. Себебі, біріншіден, жаңартылған Конституция мен заңнамада белгіленген демократиялық нормаларды кешіктірмей, іс жүзінде жүзеге асыру аса маңызды. Демократиялық, құқықтық институттарды нығайтпайынша, азаматтардың белсенді қолдауы болмайынша тиімді реформаларға үміт арту мүмкін емес. Екіншіден, әлемнің барлық елдері сияқты Қазақстан да қазір жаһандық экономикалық, геосаяси және экологиялық процестерге байланысты бұрын-соңды болмаған сынақтарға тап болып отыр. Оларды еңсеру үшін бүкіл мемлекеттік аппаратты жұмылдыру және жұртшылықтың бірлігі қажет.

Сондықтан депутаттарды заң жобасын қолдауға шақырамын.

 

Назар салып тыңдағандарыңызға рақмет!


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі