Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.09.2022

Мәжілісте кәсіптік біліктілік туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті


Астана, 22 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде кәсіптік біліктілік туралы екі заң жобаның таныстырылымы өтті.

Отырысты ашқан комитет төрайымы Жәмила Нұрманбетова «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында әзірленгенін айтты. 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев өз баяндамасында бұл заң жобалардың негізгі мақсаты ұлттық біліктілік жүйесінің элементтерін жүйелеу, біліктілік жүйесін басқару моделін енгізуді қамтамасыз ететін құралдар мен механизмдерді қалыптастыру екенін атап өтті.

Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу бойынша шараларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктерімен, «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп атқарады.

– Заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдар жанынан кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрылып, кәсіптік біліктіліктерді растауды қажет ететін кәсіптер тізбесі айқындалады. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асырылады, – деді О.Ордабаев.

Заң жобасы қабылданса, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған мамандарға біліктілігін ресми түрде растайтын куәлік беріледі.

Біліктілік жүйесі қызметкерлердің, жұмыссыз мамандардың неғұрлым тез әрі сапалы жұмысқа орналасуына, жоғары табыс табуына мүмкіндік береді.

Ал жұмыс берушілерге еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті мамандарды жұмысқа тартуға, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады.

Таныстырылым барысында вице-министр депутаттар мен жұмыс тобы мүшелерінің заң жобаларына қатысты сұрақтарына жауап берді.

– Мұндай жоба Еуропа елдерінде осыдан бес жыл бұрын басталып кеткен. Өз сөзіңізде заң жобаларында субъектілерге белгілі бір өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер өтеледі дедіңіз. Ол аса маңызды. Яғни, кәсіптік біліктілікті растау жүйесіне кіруге ынталандыру тетіктері болатынын атап өттіңіз. Енді ол қандай ынталандыру механизмдері екенін айтсаңыз. Қандай өтемақылар болады, ол жалақыға қосымша үлес ретінде төлене ме? – деді Мәжіліс депутаты Е.Бейсенбаев вице-министрге қойған сауалында.

– Кәсіптік біліктілікті тану кезеңінде жұмыс орнын сақтау, жұмыстан босату не ыңғайлы жұмыс уақыты режиміне ауыстыру және негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақы мен тәуліктік ақыны төлеу қарастырылады. Сондай-ақ жұмыссыздарға кәсіптік біліктілікті тегін негізде растау рәсімінен өту мүмкіндігі беріледі, – деді О.Ордабаев.  

Ал Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ә.Әбсеметова:

– Бұл заң жобасы жұмыс берушілердің кәсіби біліктілікті растаудан өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шығаруына негіз болмай ма? – деп сұрақ қойды.

– Негіз болмайды. Адвокат, нотариус, дәрігер және мұғалімдерге міндетті түрде сертификаттау процесі жүреді. Ал басқа мамандарға тек ерікті негізде кәсіптік біліктілік туралы куәлік беріледі, – деп жауап берді О.Ордабаев.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ю.Жулин жетекшілік етеді.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген С.Майлыбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі