Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.10.2022

Мәжіліс агломерация, рақымшылық және ұлттық қауіпсіздік туралы заң жобаларын жұмысқа алды


Астана, 12 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар рақымшылық жасау туралы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері туралы заң жобаларын, сондай-ақ «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдады.

«Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер жөнінде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобалары елді мекендерді белгілі бір критерийлер бойынша агломерацияға жатқызуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкіметтің, уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың осы саланы реттеудегі жауапкершілігін нақтылайды.

– Заң жобалары Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Олар елімізде агломерациялардың қалыптасуы мен жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктерді жасауға, агломерацияларды дамытуда жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға, агломерацияларды дамытуды ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдамалық қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған», – деді А.Рау.

Сонымен қатар ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету үшін республикалық және өңірлік деңгейлерде агломерациялық кеңестер құру, агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылады. Ілеспе заң жобасымен 7 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ Мәжіліс рақымшылық жасау туралы және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Бірінші оқылымда депутаттар цифрлық активтер туралы заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде әзірленді. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдар мен сарапшылар тартылды. Жаңа заң жобасы Салық кодексі мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды қамтиды.

Сондай-ақ депутаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялады. Заң жобасын Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым таныстырды.

«Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасы бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді екінші оқылымда мақұлдады.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержанның айтуынша, бұл заң жобасы кадастрлық өлшемдердің дәлдігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.

Сондай-ақ отырыста мәжілісмендер атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі