Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.10.2022

Мәжіліс төрағасы венгрлік депутатпен ынтымақтастықты нығайту туралы келісті


Астана, 20 қазан,  Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Шандор Лежакпен кездесті.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде көпжақты ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті.

Бүгінде тараптар стратегиялық әріптестік туралы декларация мен Қазақстан-Венгрия Стратегиялық кеңесі шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруда.

Тараптар елдеріміз арасындағы екіжақты саяси диалогтың маңызды бағыты болып саналатын парламентаралық қатынастарды нығайту және жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында түркі ұйымдары аясындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды.

Ерлан Қошанов халықтарымызды тығыз тарихи байланыстар, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту мен сақтауға деген ұмтылыс біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері Лоранд Этвёш атындағы университетте венгр тілін үйренуге ниетті қазақстандық студенттер мен қазақ тілі курстарына қатысатын венгр жастарының саны артып келе жатқанын айтты.

- Қазақтың бас ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы Венгрияда танымал болып келе жатқанына қуаныштымын. Сіздің ұлттық мәдениетті, рухани дамуды, білім беруді қорғау және дамыту туралы идеяларыңыз, сондай-ақ «Лакителек» халық институты Абайдың ағартушылық қызметімен жақын екенін атап өткім келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Әңгіме барысында Ерлан Қошанов венгрлік спортшыларды 2024 жылы Қазақстанда өткізуі жоспарланып отырған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Мажарстан Парламенті тарапынан Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамыту үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

- Біз үшін Қазақстан мен бауырлас елдер басты орында тұрады. Туыстық және бауырластық қарым-қатынас өте маңызды капитал болып саналады, – деді Шандор Лежак.

Венгрия Парламентінің Вице-спикері Лакителек қаласында венгер Үкіметінің гранты бойынша білім алып жатқан 300 қазақстандық студент туралы жылы лебізін білдірді.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі