Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.03.2023

Ерлан Қошанов VIII сайланған Мәжілістің спикері болып сайланды


Астана, 29 наурыз, Мәжіліс үйі.  VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші жалпы отырысы өтті. Депутаттар Палата спикері мен оның орынбасарларын сайлап, комитеттердің құрамы мен төрағаларын бекітті, сондай-ақ Мәжіліс Регламентіне өзгерістер енгізді.

Жалпы отырысты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ашты. Жаңадан сайланған 64 депутат алғаш рет Қазақстан халқына ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», – деді депутаттар.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау туралы болды. Жасырын дауыс беру арқылы бұл лауазымға «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың кандидатурасы таңдалды.

«Бүгінгі көрсеткен сенімдеріңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл мен үшін халқымыздың, сіздердің алдарыңыздағы үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Сондықтан өздеріңізбен бірге сайлаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді, тәжірибемді салатыныма уәде беремін. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Мәжілістің алғашқы сессиясын ашып, біздің бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Оны сапалы әрі жедел іске асыру – біздің ортақ міндетіміз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы халықтың сенімін абыроймен атқарайық», – деді жаңадан сайланған спикер Е.Қошанов.

Ерлан Қошановтың ұсынысымен вице-спикер болып «АМАNАТ» партиясыннан депутат Альберт Рау мен «Ақ жол» партиясынан депутат Дания Еспаева сайланды.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мәжіліс Регламентіне партиялардың өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты өзгеріс енгізілді. Фракция құру үшін қажетті депутаттар санының ең аз шегін алып тастау ұсынылды. Осылайша, Мәжілістегі алты партия да өз фракциясын құруға мүмкіндік алды. Олар: «АМАNАТ», «Республика», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.

Жалпы отырыс соңында депутаттар Мәжілістің жеті тұрақты комитетінің жаңа төрағаларын сайлап, құрамын жасақтады (комитет мүшелерінің тізімін Мәжілістің ресми Telegram арнасынан біле аласыз https://t.me/mazhilis_kz).

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-66-20. Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі