Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.06.2023

Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды


Астана, 7 маусым. Мәжіліс Үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып, Сенатқа жолданды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсына отырып, әлемде күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштердің өскендігін атап өтті. Жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3% құраған. Ол болжанған көрсеткіштен жоғары.

Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова аталған палата қызметінің міндеті – орталық мемлекеттік органдардың түзетуші және алдын-ала басқарушылық шешімдерін талап ететін әлсіз тұстарын көрсету екенін айтты. Орын алған кемшіліктер қатарында  жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурс жұмсалып жатқандығын, бюджетті толықтыру үшін резервтерді жіберіп алу, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ бюджетті мақсатты және тиімді игеруге кері әсер ететін басқа да факторлардың бар екенін баса айтты.

Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгені құрағанын немесе 102 пайызға орындалғанын айтты. Өсу қарқыны 2021 жылмен салыстырғанда 127,7 пайыз. Алайда оның айтуынша, республикалық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр.

– Республикалық бюджет кірісінің шамамен 34,4 пайызы трансферттер түсімдері есебінен қалыптасқан. Бұл 5,5 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде 4,6 трлн теңге ұлттық қордан түскен. Шығындар 18,5 трлн теңгені құрап отыр. Жоспар бойынша орындалғаны – 98,6 пайыз, ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге, – деді депутат.

Депутаттар Үкімет мүшелеріне бюджеттің орындалмау фактілері мен тексеру қорытындылары бойынша анықталған басқа да кемшіліктер бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, халық қалаулылары 2022 жылға арналған республикалық бюджетті атқару кезінде жоспарлау сапасының төмендігі, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын республикалық бағдарламалар әкімшілерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-әрекетінің сәйкеспейтіндігі байқалғанын атап өтті.

Мәжілістегі алты фракция өкілдері талқыланып жатқан құжат бойынша өз бағаларын берді.

Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқыны бойынша ең төменгі сатыда тұрғанына мән берді.

– Бірінші себеп – негізгі капиталға салынатын инвестицияның мөлшері аз. Екінші – елді мекендерде ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылымның болмауы. Судың жетіспеушілігі бұған нақты мысал. Сондықтан бюджетті жоспарлау кезінде біз осы екі негізгі мәселенің Үкіметтің күн тәртібінде болуын талап етеміз, – дей келе, депутат жалпы «Ауыл» фракциясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы ұсынған есебін бекітуге қарсы емес екенін жеткізді.

Ал «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев инфляцияның өсуіне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемінің мәжбүрлі түрде қысқарғанына тоқталып,  Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты.

– Біз нақты проблемаларға назар аудардық. Дегенмен Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы сыртқы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен орындалғанын объективті түрде атап өткен жөн, – дей келе,  «AMANAT» фракциясы аталған ескертулерді ескере отырып, Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді жақтайтынын мәлімдеді.

Есепті бекітуге «Ақ жол» және ЖСДП партияларының фракциялары қарсылық білдірді. Қазақстан Халықтық партиясы мен Respublica партиясының фракциялары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, құжатты қолдайтындарын айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылығына бюджетті атқару барысында бұзушылықтарға жол берген кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.  Сонымен қатар Парламентке 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы енгізілген кезде қабылданған шаралар туралы ақпарат берілу керектігін талап етті.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне есептегі әрбір цифрдың артында адамдардың тағдыры тұрғанын атап өтті.

– Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқанын мақтанышпен баяндайды. Алайда игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де өзгермейді. Біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы білеміз. Бюджет 1 трлн теңгеге түзетілді. Мұндай – «тамаша» цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Осыны ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Спикері.

Енді  регламентке сәйкес, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі, Фото – С.Майлыбаев, Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі