Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.06.2023

Ерлан Қошанов Босния және Герцеговина Президиумының төрағасымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады


Астана, 9 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желько Цвияновичпен кездесті. Бұл – Президум басшысының Астана халықаралық форумына қатысу аясында Қазақстан астанасына жасаған алғашқы сапары.

Ерлан Қошанов бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылап, халықтарымыз туралы көбірек мәлімет алуға зор мүмкіндік беретінін айтты.

– Біз парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән береміз. Бұл көптеген салалардағы екіжақты берік қарым-қатынастардың маңызды бөлігі. Мәжілісте Босния және Герцеговинамен ынтымақтастық тобы көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Екі елдің депутаттары арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтудың болашағы бар деп есептеймін, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Парламенттің рөлін күшейтіп, азаматтардың еліміздің саяси өміріне араласу мүмкіндіктерін арттыратын Мемлекет басшысының реформалары туралы айтты. Сондай-ақ, Палата спикері Мәжілістің қазіргі заң шығару қызметі туралы мәлімет берді.

Өз кезегінде Желько Цвиянович Мәжіліс спикеріне қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдірді.

– Елдеріміз арасындағы алшақтыққа қарамастан, бізде ортақ міндеттер бар. Мен сіздердің елдеріңіздің әлеуеті зор екенін және оны халықтың игілігіне пайдалануды жоспарлап отырғандарыңызды білемін. Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін және өз өңірімен бірге жаһандық деңгейде тұрақтылықты сақтауға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз, – деді Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы.

Кездесу соңында тараптар екі ел парламенттерінің бірлескен жұмысын, оның ішінде Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ және НАТО-ның Парламенттік Ассамблеялары сияқты халықаралық платформаларда бірлескен жұмысын күшейту туралы келісті.

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-01. Фото Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі