Астана, 21 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ойын және лотерея бизнесінің мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жетекшілік етті.
Іс-шараға Спорт және туризм вице-министрі Ержан Еркінбаев, Ақпарат және мәдениет вице-министрі Қанат Ысқақов және басқа да мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар, қоғам белсендері қатысты.
Отырысты ашқан Аманжол Әлтай осы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында құмар ойынға тәуелділік мәселесі қаралып, Президент лудоманияға қатысты кешенді шаралар қабылдау қажеттігін тапсырғанын айтты.
Лудоманияға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы Спорт және туризм вице-министрі Ержан Еркінбаев сөз сөйлеп, бүгінгі таңда ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді көздейтін 3 заң жобасы әзірленгенін атап өтті.
Сонымен қатар жауапты министрлік өкілі лудомания саласында біраз жұмыс атқарылып жатқанына назар аударды.
- Министрліктің ұсынысы бойынша сот шешімдерінің негізінде 6 букмекерлік лицензия, 5 тотализатор лицензиясы және 1 ойын автоматтары залы лицензиясы тоқтатылды. Қазіргі уақытта тағы 2 букмекерлік кеңсені лицензиядан айыру рәсімі жүріп жатыр. Бұдан басқа, 2021-2023 жылдары букмекерлермен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 15 лицензия қайтарылып, жойылды. Ал субъектілер саны казино 9-дан 6-ға дейін, ойын автоматтары залдары 14-тен 9-ға дейін, букмекерлік кеңселер 38-ден 14-ке дейін, тотализаторлар 10-нан 2-ге дейін қысқарды, – деді Е. Еркінбаев.
Жиын барысында депутаттар пікір алмасып, жауапты орган өкілдеріне сұрақтарын қойды. Отырысты қорытындылаған Аманжол Әлтай дөңгелек үстел тек талқылау болып қалмай, нақты шешімдерге әкелуі керектігін айтты.
- Біздің ұсыныстарымыз қарастырылып, іске асырылады деп үміттенеміз. Мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана біз осы салада елеулі нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді депутат.
Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Т.Танабаев
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі