Өмірбаяны

Жеке парағы
АБДРАХМАНОВ Сауытбек Абдрахманұлы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі
1951 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Қазығұрт ауданы, Ұя ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1975 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірді. Филология ғылымдарының докторы. Профессор.

Еңбек жолын 1975 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі болып бастаған. 1980 жылдан кеңес құрылысы бөлімінің, 1983 жылдан партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, редакциялық алқаның мүшесі болды.

1987-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде Насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, мәдениет секторының меңгерушісі, Президенттік кеңестің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ауысып, 1995 жылға дейін Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары болды.

1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1997-2000 жылдарда – «Қазақстанның телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті.

2000-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті.

2003-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі қызметін атқарды.

2016 жылғы 24 наурыз - 2021 жылғы 14 қаңтар - алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі.

2021 жылғы 15 қаңтардан бастап жетінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі.

С.А. Абдрахманов – қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген кітаптардың авторы, олардың арасында «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары», «Коран и Пушкин», «Әдебиет әлемі», «Өнер өлкесі», «Абыз Әбіш» кітаптары, «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының қос томдық антологиясы, сондай-ақ журналистік іссапарлармен әлемнің елу сегіз мемлекетін аралаған қаламгердің шетелдік репортаждары жарияланған «Қашаған құрықтаған Қазақстан» жинағы бар. Бейбарыс сұлтан туралы арабтың халықтық романын, В. Гюгоның «Аласталғандар» романын аударған.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары бар. І дәрежелі «Барыс» орденімен, «Парасат» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен наградталған. Бірнеше медальдің иегері. Журналистика саласындағы Президент сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Пушкинистика саласындағы еңбегі Ресей Сөз өнері академиясының «Ревнители просвещения» медалімен аталып өткен. Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Отбасылы, төрт баласы бар.


Жеке парағы