АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қасиетті Әулиета төрінде басталған ауыл әйелдерінің форумы

Қасиетті Әулиета төрінде басталған ауыл әйелдерінің форумы әдемі аяқталды. Ел аналарының өнегесі мен ұлттық құндылықтар салтанат құрған керемет кездесуден ерекше әсер алдым. Әр істі екшелеп, соңын қорытындылайтын жақсы әдеттен аспайын. "Ауыл" партиясының комиссиясы аталғандай бүгін барлығы мейірім құшағына бөленді. Әлемді тербейтін Махаббат пен Мейірім ананың ақ сүтімен, аялы алақынынан жылы сөзімен дариды. Махаббат пен Мейірімге қанық адам айналасына да шуақ сыйлайды. Үйде осы екі сезіммен өрілген өнегені көрген ұрпақ көргенін жасайды. Келелі басқосуда осыған дәлел болған көпті көрген аналардың, дана әйелдердің пікірі мен лебізі. Сондай-ақ осы ауқамды шараға мұрындық болған, өңірдегі тәлімгерліктің айқын өнегесін көрсетіп жүрген еліміздің біртуар азаматтары, әріптестерім Жигули Дайрабаев ағамыз бен Ерболат Саурыковқа алғысым зор.

Бүгінгі шарада өзекті мәселелер талқыланды, қоғамда резонанс тудырған өткір сауалдар ашық айтылды, қайраткер әйелдер үн қосып, қозғаушы күшке айналатынын жеткізді. Одан бөлек гендерлік теңдік ұстанымын айқындау, ауыл әйелдерінің саяси көшбасшылығын дамыту, тіпті мансаптық ілгерілеуіне серпін беру қажеттілігі, балалардың әлеуметтік қауіпсіздігі, заманауи отбасылық институттар жұмысын жандандыру секілді маңызды салалар сарапталды, сараланды. Мәселені шешу тетіктері қарастырылып, нақты ұсыныстар да айтылды.

- Ауылдық жерлердегі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін болдырмау, алдын алу, сондай-ақ мәдени-адамгершілік дамуын бақылау;

- Ауыл әйелдерін, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын әйелдер қауымын, әлеуметтік қорғау және қолдау шараларын көбейту;

- Ауыл әйелдерінің әлеуметтік және отбасылық кәсіпкерлікке қатысуын кеңейту және ауыл әйелдері ұсынатын әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау;

- Ауыл және қалаға байланысты еңбекақы алшақтығын жою, әлеуметтік теңсіздікті болдырмау;

- Ауылдық елді-мекендерде саяси көшбасшылық мектептерін құру;

- Әйелдер резервін дайындау бойынша жұмысты жетілдіру;

- Шалғай елді-мекендерде құқықтық консультация беру қызметін ашу немесе күшейту;

- Ауыл қыз-келіншектерінің тұлғалық даму үрдісін жандандыру;

Міне, форум мінберінде мейлі ашық микрофон алдында айтылған болсын, барлық ұсыныс-тілектер жазылды, ескерілді. Алда бірлескен жұмыс пен межеленген мақсатқа жету боп тұр.

Бүгін ат басын бұрып, киелі мекенде бас қосуымыз да тегін емес. Маңызды шараны жамбылдықтардың алғашқы болып бастауының өзі осы тарихи іздің жаңғыруында жатыр деп ойлаймын.

Мұндай форумдар еліміздің әр өңірінде өткізіледі деп жоспарланып отыр. "Ауыл" партиясының "Мейірім құшағы" атты әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссиясы өз миссиясы жолында аянып қалмайды. Мықты әйелден мықты ұрпақ, ұлттық құндылық ұлықталған отбасыдан текті азамат шығатынын ұстанатын комиссия керуені жалғасады. Бұл керуеннің көшті түзеуіне сенімім мол!