Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында да экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттілігін атаған еді. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, бүгін “Экономикалық қылмыстарды декриминалаудың өзекті сұрақтары” атты дөңгелек үстел өтті.
Тақырып бойынша ҚР қаржылық мониторинг Агенттігінің жетекшісі Жеңіс Фархатұлы ЕЛЕМЕСОВ жақсы баяндады. Ол экономикалық сипаттағы заң бұзу әрекеттеріне тоқталып, елдегі қаржылық ахуалды таныстырды. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, көлеңкелі бизнес, жалған кәсіпкерлік сияқты өзекті мәселелер талқыланып, сұрақ-жауапқа жалғасты.
Аталған мәселелердің ел бюджетіне кесірін тигізбеуіне алғышарттар жасалып, шешу тетіктері де қарастырылу қажеттілігі айтылды. Әрине, мұның бәрі ел экономикасы үшін маңызды сұрақтар. Қазіргі кезде кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтардың экономикалық құрамы жеңілдетілді.
Сондай-ақ кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау істерге тартуды барынша азайту, залалдың толық өтелуі жағдайында баламалы бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейту ұсыныстары айтылды. Бұл ел игілігі үшін еңбектенетін кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделері қорғалуы деп түсіну қажет. Осы жеңілдетілген нормаларды теріске бұра тартатындар болмауы тиіс. Өйткені мемлекеттің байлығы мен оның болашағына деген адалдық кім-кімнің де басты ұстанымы болуы керек!