ҚҰНДЫЛЫҒЫ КӨП ҚҰРЫЛТАЙ
Биылғы құрылтай Ораза айының алғашқы күндерімен, Әз Наурыздың нақышымен басталды. Табиғат пен тіршілік біткеннің жаңарып, жасаратын уақытымен тұспа-тұс келуі қалай жарасымды?! Ұлт ұясы Ұлытауда басталған Құрылтай, киелі Түркістанда жалғасын тапты. Бүгін еліміздің тарихи өлкесінің бірі – Атырау облысында өтіп жатыр. Мемлекет басшысы үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін еместігін айтып, Әйгілі Сарайшық қаласының Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғанын тілге тиек етті. Ұлт зиялыларына артылған аманат та, міндет те көп екенін айтып, олардың руханиятқа қосар үлестерін, елдің біртұтас дамуына әсер ететін күш екендерін жеткізді. Бірлікке, тарихқа шынайы қарауға, мәдениет пен өнерді дамытуға шақырды. Тіл мәселесіне де назар аударып, оның аясын кеңейту саясаты жүргізіле беретінін баяндап берді. Жастарды кітап оқуға баулып, кітапханаға махаббатын оятуға шақырған Президент, кітапхана ісін дамытуды тапсырды. Әрине, қазіргі заманауи қоғамда ғаламтор мен сандық жүйеге жұтылып кетпей, рухани азық алуымыз қажет-ақ!
Мемлекет басшысы еліміздің әр тасы сөйлеп кететін тарих екенін әңгімеледі. Қасиетті жерлерді жаңғырту, сақтау, дамыту жобаларын жасақтауға тапсырмалар берілді. Тарихи-мәдени мол мұрамызды ұрпаққа жеткізу, оны дәріптеу бізге берілген аманат. Ата-бабамыздың қорғап қалған жерінің әр тау-тасын қадірлеп, оның тарихи маңызын түсінуге тиіспіз. Президент Әз Наурызды ерекше атап өтуді, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай тойлауды бұған дейін атап өткен болатын. Бұл тілектің орындалғанын, қолдау тапқанына қуанышын жеткізді. 14-нен басталған Наурызнама әр күнге бекітіліп, ерекше тойланбақшы. Президент ұлттық киіміміз біздің ұлттық кодымыз екенін анық айтып жүр. Басқа салт, өзге дін мен сенімінің жетегіне ермей, өз ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауға шақырды. Расында, "Жайық деген жанды су" дегендей, Жайықтың бойы бір сілкініп, ұлттық рухтың шат болған күні бүгін. "Құлпырады дала, гүлдейді орман, Емізеді егіз Еділ мен Жайық" - деп әндеткен Ілия Жақанов атамыздың көзі тірі. Аңыз адам. Бүгін сол құрылтайға қатысып, ірілігін, кісілігін көрсетті. Иә, тәлім мен тәрбиесі зор Ұлттық құрылтайдың әлі де айтар тың ойлары мен болашаққа бағдары бар. Жарқын істердің куәсі болуға уақыт пен бақ берсін деймін!