АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ»

Президент айтқандай, қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріп, шикізатқа тәуелділіктен арылуымыз абзал. Қасым-Жомарт Кемелұлы металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударуды тапсырды.

Әлеуметтік саланы жетілдіру үшін де экономикалық жүйені жаңғырту керек. Сондықтан салық саласында көп жыл еңбек еткен қаржы маманы ретінде Президенттің бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгертуге баса мән бергенін қолдаймын. Аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керектігі айтылды. Енді қосымша құн салығынан түскен кірістер жергілікті бюджеттерге берілетін болады. Меніңше, бұл өте орынды әрі әділетті шешім. Мысалы, Қызылорда облысында көмірсутек шикізатын барлаумен «Қазгермұнай» БК» компаниясы айналысады. Компания сол өңірдің жер қойнауы ресурстарын пайдаланғанмен, салық республикалық бюджетке аударылады. Қосымша құн салығынан түскен кірістер аймақтағы түйіткіл сұрақтарды шешуге елеулі үлес қоспақ. Айтпақшы, жазғы демалыста ел өңірлерін аралаған кезде, тұрғындар осы мәселені көтерген еді.

Жалпы, бұл Жолдау өзінің мәні мен мазмұны жағынан айрықша құжат болып табылады. Қоғамды толғандырып жүрген өзекті сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берілді, көкейкесті мәселелердің барлығы қамтылды. Ендігі мақсат – ел болып жұмылып, Жолдауда көтерілген игі бастамаларды іске асыру.