Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар еңгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының таныстырылымы өтті.
Заң жобасының таныстырылымына Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың мүшелері де қатысты.
Заң жобасы негізгі 6 бағыттағы өзгерістер мен толықтырулар еңгізуді көздеген. Атап айтқанда, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жазаны енгізу, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде күштеп әкелу мәселелерін заңнамалық регламенттеу, құқықтық реттеудегі оқылықтарды жою, Президент жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия әзірлеген түзетулерді іске асыру, сондай-ақ, әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі жетілдіру сияқты қоғамға маңызды түзетулер көзделген.
Жиында аталған заң жобасы жан-жақты, әрі қызу талқыланды. Қоғамдық ұйымдар мүшелері тарыпнан және мәжіліс депутаттарынан заң жобасында көзделіп отырған өзгерістерге әртүрлі сұрақтар қойылды.
Заң жобасында көзделген жаңалықтардың бірі бұл – қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаңа әкімшілік жазаны енгізу болғандықтан, баяндамашыға оны енгізудің механизмдерін қоғамға түсіндіріп беру жөнінде сұрақ қойдым. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстардан босатылуға жататын азамттар санатына үшінші топтағы мүгедектерді қосу туралы да ескертулер жасадым.