Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті екі заң жобасын таныстырып, бірінші оқылымын бастады.
– ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша заң жобасы;
– «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.
Ал әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі @zhuldyzsuleymenova @mazhilis.kz баяндама жасап, бүгін заңнамалық түзетулерге тоқталды. 5 негізгі бағытты қамтитын заң жобасында келтірілген әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соққаны үшін баптары алынып тасталып, олар криминализацияланып, қылмыстық кодекске енгізіліп отыр. Бұл тек әйелдер мен балаларға ғана қатысты емес, осы жағдайға тап болған барлық ҚР азаматтары осы заң аясында қорғалады.
Бұл нормаларды жүйеге асырудағы мақсат - құқық бұзушылықтарды болдырмау және азаматтардың жауапкершілігін күшейту.
2. Бұл түзетулер, толықтырулар - отбасының ырыс-берекесін қашыру емес, қайта мерейін асыру, отбасы құндылықтарын сақтау мен дәріптеуге арналады. Мұндай заң жобасының басқа елдерде аналогы жоқ. Талқылауға 100-ден аса үкіметтік емес ұйымдар қатысып, қоғамның сараптамасынан өтті. Бұл қоғам сұранысынан туындаған мәселелерді шешу жолы деп білемін.
Сондай-ақ заң жобасында педофилиямен ұсталып және кәмелетке толмаған балаларды өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылып отыр. Суицидке итермелеген және насихаттағаны үшін де қатаң жаза күтіп тұр. Жалпы, бүгінгі оқылымда тыңдалған заң жобасы шаңырақты шайқалтпауға, балаларымыздың қауіпсіз ортада өмір сүруіне, азаматтардың құқықтарының қорғалуына, сондай-ақ жауапкершілігін де арттыруға бағытталып отыр. Отбасы институты - бұл дәстүрлер бойы қалыптасқан мықты ұйым. Оның заман ағымының әсерінен құлдырамай, керісінше нығаюына күресуіміз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, құқық бұзушылыққа қарсы бірлескен күш-жігер қажет, саналы көзқарас керек! Қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік ұстанымы қалыптаспаса, бүгінгі іс-шаралар тасада қалып қояды. Қылмысты алдын алу немесе болдырмау, орын алса, оны жариялау, заң алдындағы жауапкершілігін мойындату үрдісіне барлық азамат қатысуы тиіс! "Сен тимесең, мен тиме" деген жайлы отырыс - жақсылыққа апармайды. Дүниедегі ең сорақы нәрсе - ол немқұрайлылық. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі заң мен тәртіп бәріне ортақ.
Аталған заң бойынша жұмыс тобының және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде бұл заңның іске асуы, жасалған жаңа қадам да мен үшін ерекше, маңызы зор. Қоғамнан қолдау күткен ортақ заң отбасын сақтап, азаматтардың санасын өзгертеді деп сенемін!