АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ХАЛЫҚ ПЕН САЛЫҚ: МҮДДЕ МЕН МӘСЕЛЕ

“Қазақстандағы фискальды саясаттың дамуы: Үкімет және бизнес”. Бүгін Осындай тақырыптағы дөңгелек үстелдің отырысына қатыстым. Онда ҚР фискальды саясатқа шолу жасалып, жетістіктер мен мәселелер талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған салық тәртібіндегі инновациялар баяндалып, фискальды саясатты дамытуға Үкімет пен бизнестің өзара қарым-қатынасы туралы пікірталас өрбіді.


ҚР Мәжілісіне таныстырылатын жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасын мұқият зерттеп-зерделеп алу керек. Жалпы бұл заң жобасы желтоқсанда оқылып, депутаттар назарына ұсынылу керек еді. Бірақ әлі күнге дейін талқылану, түзету, толықтыру үрдісінде. Бұл дұрыс қадам. Үкімет аталған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертті. Себебі азаматтық қоғам, сарапшылар тарапынан көп наразылық білдірді.


Мәселен, бір ғана мысал. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деп, реформалауды ұсынды. Бұл бизнес қауымдастықта оң бағаланбай, сарапшылар да көлеңкелі экономиканың үлесін артып, инфляцияның өсуіне әкеледі деп болжады. Бұл мүмкін емес жағдай болды. Жалпы бұл реформаны жүзеге асыру бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, азаматтық қоғаммен талқыланбаған тақырып, кеңесілмеген іс болды. Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмеді. Сондықтан Салық Кодексін ұсыну ұзаққа созылса да, сапалы құжат таныстырылады деп ойлаймын.


Өзгертулер, толықтырулар халық үшін тиімді болады. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан босату жөнінде жақсы жорамал бар. Бұл ұсыныс менің тарапымнан алғаш рет депутаттық сауалым ретінде жолданған еді.

2. Фискальды саясат туралы кездесулер, талқылаулар жиі өткізілу керек. Өйткені фискальды саясат - экономикалық саясаттың негізі, оның өркендеуінің кепілі. Осыған байланысты бизнес өкілдері мен кәсіпкерлердің үніне құлақ асу керек, сарапшылардың пікіріне, сараптамасына сүйенген абзал. Халық пен салықтың арасы ажырамай, ел мүддесі мен экономикасы қатаң ескерілуі тиіс!