АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Мәжіліс депутаты Қарақат Абден балалар үйінің санын азайтып, олардың жұмыс жүйесін толықтай өзгертуді ұсынды. Бұл туралы ол премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында жеткізді.

Мәжіліс депутаты Қарақат Абден балалар үйінің санын азайтып, олардың жұмыс жүйесін толықтай өзгертуді ұсынды. Бұл туралы ол премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында жеткізді. Депутаттың пкірінше, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне басымдық беріп, оларды асырап алу бойынша жаңа тетіктерді қарастыру керек. Сондай-ақ елімізде бала асырап аламын деушілерге көбірек жағдай жасаған дұрыс.

Қ.Абденнің сөзінше, қанша жерден жетімдер үйінде қолайлы орта жасалса да, отбасы мен үй тәрбиесіне ештеңе жетпейді. Отбасы жағдайында тәрбиеленген балалар қоғамға, үлкен өмірге тез бейімделеді.

Депутаттық сауалда көрсетілгендей, еліміз бойынша бүгінгі таңда сәбилер үйінде және балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар. Осы күнге дейін 20 мыңға жуық жетім бала отбасыларға асырауға берілген. Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті төмендетпей,  балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек.

«Балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс жасай алмай отырғаны жасырын емес. Балалар үйінің жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі, өкінішке қарай, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар. Олар көп жағдайда балалар үйінде қалып жатады. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталық ретінде қайта қарастырған жөн», - деді Каракат Абден.

Сондай-ақ көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейтіні туралы айтылды. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес.  

Бұдан бөлек, депутат асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар екенін жеткізді, бұл шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл бала үшін ауыр психологиялық соққы, сондықтан асырап алу және оны бақылау жүйесі бұл көрсеткішті азайтуға әрекет жасау керек.

Сонымен қатар Қарақат Абден еліміздегі фостерлік немесе кәсіби отбасы институтын дамыту туралы да өз пікірін білдірді:

«Еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға фостерлік отбасылар елеулі үлес қосады деп күтілуде. Жалпы, фостерлік отбасылардың пайда болуы – өте жақсы бастама деп ойлаймын. Бірақ 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан бұл жобаны іске асыру уақыты созылып кеткені анық. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма деген сұрақтар туындайды. Фостерлік отбасы жобасы толыққанды іске қосылғанша жетім балаларға тиісті жағдайдың жасалуына ықпал ету қажет. Ұзаққа созылған бұл процестен балалар зардап шекпеу тиіс»,- деді депутат.