АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрі

Ә.А Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының (бұдан әрі – «Ауыл» ХДП) сайлауалды бағдарламасының негізгі ұсыныстарының бірі «ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, шикізат және азық-түлік өнімдері, сондай-ақ алғашқы және терең өңдеу кәсіпорындарын салықтың барлық түрлерін (әлеуметтік аударымдарды қоспағанда) толығымен алып тастау» болып табылады. Бұл еліміздің агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай туғызады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес заң жүзінде белгіленген салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады. Салық төлеу, әрине, қаржылық тәртіпті және жалпы алғанда, салық төлеушілердің қаржылық мәдениетін тәрбиелейтінін түсінеміз. Оның үстіне салықтың барлық түрлерінің жойылуы бюджеттің және сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының қысқаруына әкеледі. Бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік саясатқа, білім беру мен денсаулық сақтауға бағытталған. Бұл медициналық қызметтерді қолжетімді етеді, балалардың мектептер мен

балабақшаларда білім алуын қамтамасыз етеді және әлеуметтік, соның ішінде ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте, елде қалаларға көші-қон салдарынан ауыл тұрғындарының саны күрт азаюда. Соңғы бес жылда, ауылдардан 200 жүз мыңдай адам көшіп кеткен. Әдетте, ауылдан жастар мен еңбекке жарамды жастағы адамдар кетеді. Ал бұл, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын әлеуетті ауыл шаруашылығы өндірушілері мен фермерлері.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен қолдауда Үкіметтің жасап жатқан игі қадамдарын жоққа шығармаймыз. Расында да, Қазақстан Республикасының Үкіметі бұл бағытта қыруар істер атқаруда. Мысалы, ауыл шаруашылығына салық салудың қолданыстағы жүйесі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салық жүктемесін азайтуға бағытталған: бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үш түріне арналған арнайы салық режимі және жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі бойынша жеңілдіктер, оған салық салу көлемін төмендету кіреді. ҚҚС сомасы, ерекше есеп айырысу тәртібі, 30% көлемінде салық міндеттемелерін төлеу, және т.б.

Сонымен бірге, біздің ойымызша, мұндай ынталандырушы салық саясаты қажетті нәтиже бермейді. Елдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің (қызметтерінің) нақты көлем индексі (НКИ) орташа жылдық өсу қарқыны 3-4% төмен деңгейде сақталуда (кейбір жылдары НКИ өсімі мүлде байқалмайды, 2019 ж. – 99,9%, 2021 ж. – 97,7%). Елдің жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі 5%-дан сәл асады (2022 жылғы ағымдағы деректер бойынша 5,2%)1.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) 2021 жылға арналған мәліметі бойынша, рейтингке қатысушы ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі бойынша ең әлсіз көрсеткішке ие - 5,3%. Өзбекстанның ЖІӨ-дегі бұл үлес 26,1% болса, Қырғызстанның ЖІӨ-де - 15,3%, Украинаның ЖІӨ-де - 12,7%, Арменияның ЖІӨ-де - 12,5%, Молдовада - 12,3% болды2.

Бұл жалпы ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай қаржылық қолдау көрсетуге қосып алғанда. Осы орайда соңғы 2 жылда агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджеттік

қаражаттың нақты көлемін білуіміз керек. Сондай ақ, көрсетілген кезеңдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден түсетін салық түсімдерінің сомасын дәл білу қажет. Осыған байланысты, осы депутаттық сауалға жауап жасау кезінде көрсетілген сомаларды ұсынуды сұраймын, бұл бізге мемлекеттік қаржыландыру деңгейімен салыстырғанда салық төлеу түріндегі аграрлық саладан нақты табысты көруге мүмкіндік береді.

Ресми статистикаға жүгінейік: 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 291 710 ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші тіркелген, оның ішінде қолданыстағы 279 038 немесе тіркелгендерге 95,7%3. Соңғы бес жылда (2018-2022 жылдар) тіркелген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер саны 18,7%–ға, жұмыс істеп тұрғандар саны 20,4% - ға өсті.

Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып, 12 672 ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші (4,3%) әрекетсіз болып табылады. Олардың жартысы (50,3%) - қызметін уақытша тоқтатқан және тарату процесінде тұрған шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары. Сонымен қатар, себептер әр түрлі болуы мүмкін, тек салық төлеу проблемасымен байланысты.

Меншік нысаны бойынша жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің құрылымы, заңды тұлғалардың 98,4%-ы шағын кәсіпкерлік сегментіне жататынын көрсетті. Жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің 94%-ға жуығы ЖК және ШҚҚ нысанында ұсынылған. Бұл ретте, шаруа және фермер қожалықтары арнайы салық режимін қолданады. Олардың толыққанды бухгалтерлік және салық есебін жүргізуі үшін штатында салықтық құжаттарды рәсімдеу және тапсыру дағдылары бар бухгалтер немесе маман болуы қажет. Алайда, олардың көпшілігінде мұндай мүмкіндік жоқ.

Егер, халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, онда жекелеген елдердегі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мұндай санаты салық төлеуден босатылады. Атап айтқанда, 2006 жылы Қытайда 800 млн шаруа үшін ауыл шаруашылығы салығы алынып тасталды, ҚҚС төлеуден өндіруші сататын өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімі босатылды.

Үндістанда шаруалардың 90%-ы "ұсақ жер пайдаланушылар" санатына жатады, ал арнайы ережеге сәйкес, шаруалардың бұл бөлігі салықтан босатылады.

Қырғызстандағы ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап фермерлер мен шаруа қожалықтары жер салығынан босатуға байланысты жергілікті бюджеттің шығындарын өтей отырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдаланғаны үшін жер салығын төлеуден үш жылға босатылды.

Еліміздің аграрлық саласында қалыптасқан экономикалық жағдайды, біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жағдайын ескере отырып, оңтайлы халықаралық тәжірибені қолдану қажет болуы мүмкін.

Ең маңызды мәселелердің бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) мәселесі. Бұл, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қатысты. Өңдеу кәсіпорындарының дайын өнім құнының 50%-ын шикізат құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 90%-дан астамын шағын шаруа қожалықтары, яғни ҚҚС төлемейтіндер өндіреді. Нәтижесінде ҚҚС жүктемесінің 90% және одан да көп бөлігі өңдеуші кәсіпорындарға түседі.

Бұл салық Батыс Еуропада артық өндіріспен күресу үшін салық ретінде енгізілген. Қалай болғанда да, ҚҚС соңғы төлеушісі соңғы тұтынушы, яғни жеке тұлға болып табылады. ҚҚС әсерінің дәлелі ретінде біздің дүкендердің сөрелерінде, Ресей мен Беларусь елдерінен әкелінетін азық-түлік өнімдерінің көптігін айтса да болады. Сондай ақ, азық-түлік бағасының үнемі өсе беруіне де ҚҚС -ның әсері бар екені анық. Наурызда Қазақстанда азық-түлік инфляциясы ағымдағы жылдың ақпан айымен салыстырғанда (26,2%) бәсеңдеп, 20,5%-ды құрады.

Сонымен қатар, ҚҚС есептеу әдісімен төленеді, нәтижесінде бюджетке ҚҚС төлеу кезінде кәсіпорындардың айналым қаражатының едәуір бөлігі шайылып кетеді.

Экспорттаушыларға келетін болсақ, ҚР Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2020-2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға бюджеттен өтелген ҚҚС сомасы 166,0 млрд теңгені құрады. Тіпті, 2021-2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар саны 2021 жылы 192 бірліктен екі есеге, 2022 жылы 94 бірлікке дейін қысқарғанына қарамастан, бұл сомалар ауыл шаруашылығы

тауарын өндірушілерге емес, ең алдымен делдалдар мен «сұр дилерлерге» қайтарылуы әбден мүмкін.

Қазақстандағы ҚҚС есептеу, төлеу және қайтарудың қазіргі жүйесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелді.

Осылайша, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, әкімшілік шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізат пен азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін, сондай-ақ бастапқы және терең өңдеу кәсіпорындары үшін салықтардың барлық түрлерін (әлеуметтік аударымдардан басқа) толығымен жою салық түсімдеріне айтарлықтай әсер етпейді деп санаймыз.

Қорытындылай келе, салық салу мәселелері бизнес үшін, ел азаматтары үшін маңызды болып табылатыны анық. Бұл мәселеде салық төлеуші мен мемлекеттің мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу және экономиканың "көлеңкеден" барынша шығуына ықпал ету қажет.

Құрметпен,

«Ауыл» ХДПП партиясы фракциясының депутаттары

Қ. Абден

Е.Саурықов

С.Егізбаев

Ж.Дайрабаев

Н.Арсютин

Т.Серіков

А.Баққожаев

А.Зейнуллин