АБДЕН
Қарақат
Жақсылыққызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А. С.Көлгіновке

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

А. С.Көлгіновке

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесі мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты қолдауды қажет етеді. Оның бірден-бір жолы– ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқитын студенттер мен магистранттардың стипедиясын көтеру.

Осы мәселе төңірегінде таяуда «Ауыл» партиясы фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдады, хатқа 200 жуық адам қол қойған. Аталған оқу орнында 6000 астам студент білім алады, олардың басым бөлігі – ауыл жастары. Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған.

Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 58 800 теңгені құрайды. Басқалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 процентке төмен, яғни 36 660 теңге алады. Айырмашылық 22 140 теңгені құрайды.

Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес, бірақ ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын студенттер үшін бұл біршама көп ақша. Себебі бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды, олардың ата-анасы да осы салада жұмыс істейді. Ал олардың жалақысы жоғары емес, ол айтпаса да түсінікті.

Сондай-ақ хатта биыл республика бойынша «Ауыл шаруашылық және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыты бойынша бөлінген 2390 мемлекеттік тапсырыс игерілмегені туралы айтылған, университетке грантпен түскендердің саны – 434 студент.

Жалпы, аталған мамандықтар қоғамға өте қажет. Алайда кейінгі кезде бұл кәсіп иелерінің беделі төмен екені шындық.

Жыл сайын бұл салада маман тапшылығы артып келеді. Бұл мәселеге назар аударатын кез келді деп санаймын.

Ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін арттыру университет, колледж қабырғасынан басталуы тиіс.

Елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша төрт мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе ветеринар, механизатор, веттехник, салалық техниканың тілін білетін маман табу қиын. Қазір ауылдағы аграрлық салада жұмыс істейтін білікті мамандардың басым бөлігі зейнет жасына жетіп қалған. Ал олардың ізін басатын жас кадрлар аз. Заман талабына сай фермаларда жаңа техниканы меңгерген кадрлар, жер-су ресурстарын басқаратын IT инженер, агроном-экономист, агроөнеркәсіпке жаңа инновацияларды енгізе алатын мамандар туралы сөз қозғау тіпті қиын.

Еске салсақ, 2021 жылы Президенттің тапсырмасымен педагогика және медицина мамандықтарында оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылданған. Бұл қадам жақсы нәтиже берді.

Осы орайда ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ауыл» ХДПП партиясы фракциясының депутаттары

Қ. Абден

Е.Саурықов

С.Егізбаев

Ж.Дайрабаев

Н.Арсютин

Т.Серіков

А.Баққожаев

А.Зейнуллин