2024 жылғы 14 ақпанда жарияланды Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
Т.Б. Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Республикамыздағы білім сапасын арттыру, оның ішінде ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін нығайту, дипломды кадрларды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мақсатында 2019 жылы елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданғанын білесіз.
Ауыл педагогтарының айлықтары мен тарифтік ставкалары аталған заңға сәйкес жергілікті өкілді органның шешімімен қала педагогтары ставкаларымен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленген.
Ауылдық елді мекендерге тұруға келген педагогке бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алуда әлеуметтік қолдау көрсетіледі, сонымен қатар көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау қарастырылған.
Бұл ауылдық балаларға қалалық мектептермен тең білім беру жолында қабылданған өте дұрыс шешім болды.
Қазіргі ауыл мектептерінде білім берудің тиісті деңгейін осы заң арқасында сақтап отыра аламыз.
Лайықты жалақы қол жеткізген ауыл мұғалімдері енді ауылдарда қалуға мүдделі.
Бірақ, бір әттеңі, осы заңда назардан тыс қалған бір мәселе бар.
Ол – еліміздегі тұрғындар саны 10 000-ға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар шағын қалалардағы мұғалімдердің заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем - ауылдық коэфициенттен тыс қалуы.
Себеп – ол елді мекендер «қала» немесе «кент» мәртебесіне ие.
Бірақ олар барлық белгісі бойынша «ауыл» ұғымының критерийіне сәйкес.
Мысалы, Ұлытау облысы Қаражал қаласында 8.000, Жәйрем кентінде 9.000 халық тұрады, ал олардан 20 шақырым жерде 25-пайыздық коэффициентке ие Жеңіс ауылы бар. Мұғалімдердің басым бөлігі аталған коэффициентті алу үшін осындай ауылдарға жұмысқа тұрады екен. Шалғай ауылдың барлық белгісі бар, тұжырымдамаға сәйкес келетін Қаражал мен Жәйремдегі мектептер коэффициентке кіруі тиіс еді. Алайда олай емес. Мұндағы мұғалімдер коэффициентке кіргендерге тиесілі барлық жеңілдіктен қағылған.
Ауыл партиясының мәжілістегі фракциясы еліміздегі тұрғыны 10 000 адамға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар шағын қалалардағы мәселені мұқият зерттеді.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жыл 1 шілдедегі мәліметі бойынша елімізде халқының саны 10 000 адамға жетпейтін 36 елді мекен – кент пен аудандық маңызы бар қала бар екен.
Ондағы тұрғындардың жиынтық саны – 186,5 мың адам немесе ел халқы жалпы санының 0,9% -ы.
Ал жалпы, Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша қазір еліміздің орта білім беру жүйесінде шамамен 3,6 млн. оқушы бар, 7 550 мектеп жұмыс істейді.
Ондағы педагог саны – 366,6 мың адам.
Ал халқы 10 000 адамға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар қалаларда 73-ке жуық мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар, бұл еліміздегі мектептердің жалпы үлесінің 1%-на жетпейді.
2019 жылдың желтоқсанында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң қағидаларын іске асыру үшін 2020 жылы облыстық бюджеттерге республикалық бюджеттен орта білім беретін мемлекеттік мекемелердегі мұғалімдердің еңбек ақыларын өсіруге арналған жалпы сомасы 207,0 млрд. теңге трансферт жіберілген.
Біздің есеп бойынша, халық саны 10 000 адамға жетпейтін «кент», «қала» мәртебесі бар елді мекендердегі мектеп мұғалімдері үшін ауылдық коэффициентті енгізу үшін облыстық бюджеттерге 4 344,5 млн теңге соммада ағымдағы нысаналы трансферттер қажет, немесе ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысын 2%-ға арттыру үшін республикалық бюджеттің шығындарын ұлғайту керек.
Бұл ретте аталған ұсыныс халық саны 10 000 адамға жетпейтін, экономикасы негізінен бір кәсіпорын қызметіне байланған «кент», «қала» мәртебесі бар елді мекендерді дамытуға оң экономикалық әсер береді.
Біз өңірлердегі осындай кенттер мен қалалар мектебіндегі мұғалімдерді қолдау қажет деп есептейміз. Ол өз ретінде өңірлердегі білім сапасын арттыру және педагог тапшылығы мәселесін шешу үшін қажет. Сонымен қатар, педагог мамандығын таңдаған кейбір жастар арасында жұмыстың алғашқы жылдарында білім саласын тастап кетуі байқалады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, біз мұғалімдерді жоғары бағалауымыз керек, барынша жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек деп есептеймін.
Мысал ретінде, «Земский мұғалім» бағдарламасын жүзеге асыратын Ресей тәжірибесін алсақ. Ол бағдарлама бойынша мұғалімдерге тек ауылдық жерлерде емес, сонымен қатар тұрғыны 50 мыңға дейінгі қалаларда да қаржылай қолдау көрсетіледі.
Осыған байланысты, халық саны 10 000 адамға жетпейтін «кент», «қала» мәртебесі бар елді мекендердегі мектеп мұғалімдері үшін ауылдық коэффициентті енгізу туралы ұсынысты іске асыру мақсатында қажетті іс-шаралар өткізілсін.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конститутциялық заңының талаптарына сәйкес заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Парламент Мәжілісінің
депутаттары Қ. Әбден
С. Егізбаев
Е. Саурықов
А. Баққожаев
Ж. Дайрабаев
Н. Арсютин
А. Зейнуллин
Т. Серіков
А. Әлтай
Ү. Шапақ
Е. Сатыбалдин