2023 жылғы 6 маусымда Комитеттің «Әуе және теміржол тасымалдарында, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін тариф белгілеу мәселелері туралы» атты тақырыптық отырысы өткізілді.
Отырысқа Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, «SKAT», «Эйр Астана», «Qazak Air» авиакомпанияларының және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ өкілдері қатысты.
Отырыстың басында Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Е.Т. Әбдиевтің қатысуымен мүгедектігі бар адамдар мен олармен бірге жүретін адамдар үшін жоғарыда аталған авиакомпанияларға арналған билеттердің нақты бағасы туралы бейне-ролик көрсетілді.
Депутаттар авиарейстерге билеттердің құнын талқылаудан басқа, авиарейстердің жүйелі түрде ұшып шығуын кідірту, әуежай ғимараттарында мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруы бойынша қиындықтары бар жолаушыларға қызмет көрсету, амбулифтілердің болмауы, арбадағы жолаушылар үшін әуе кемелерінің бейімделмеуі және жалпы әуе көлігімен жүріп-тұру кезінде арбадағы мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаның болмауы мәселелерін көтерді. Теміржол тасымалдаушысына да сын айтылды.
Сонымен қатар, басқа мемлекеттердің әуе кемелерінің «аспанды пайдалану» шетелдік тәжірибесіне ұқсас осы авиакомпаниялардың монополиялылығы мен бәсекеге қабілеттілігі мәселелері және қаралып отырған қозғалыс салаларының басқа да өзекті проблемалары айтылды.