Қазақша ым-ишара тілі жеке стандарт болып бекітілмеген: саңырау балалардың тілі орысша шығып жатыр
Маман ым-ишара тілін түсінетін жүйе ойлап тапты
Елімізде 30 мыңнан аса саңырау және 17 мыңнан аса зағип азамат бар. Мамандардың айтуынша, бұл – тек ресми ақпарат. Оларға ай сайын мүгедектігі бар азамат ретінде жәрдемақы төленеді. Есту қабілеті нашарлаған адамға жылына 60 сағат сурдоаудармашы көмек көрсетеді. Ал зағип жандардың жанында тәулігіне 8 сағат көмекшісі болады. Кейінгі жылдары қазақстандық ғалымдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу, түсінісу жеңіл болуы үшін жүйе ойлап тапты. Halyq Uni тілшісі мүгедектігі бар азаматтардың қандай мәселемен бетпе-бет келетінін және жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін білді.
ҚАЗАҚША ЫМ-ИШАРА ТІЛІ ЖОҚ
«Қазақстан саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, есту және сөйлеу қабілеті нашарлаған азаматтарға қатысты маңызы мәселенің бірі – білім алу. Тағы бір мәселе – қазақ тілі ым-ишарасының болмауы. Қазір олар орыс ым-ишарасы негізінде сөйлейді.
Айтуынша, кейбір ата-ана баласының қазақ тілін білгенін қалайды.
«Кей баланың құлағы жүре кете естімей қалған. Қазақша оқығысы келетін адам көп. Қазақ тіліне қатысты әлі сұрау салған жоқпыз. Осы мәселені көтеруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені ым-ишара тілі кей мектепте өтеді, кей білім ордасында мүлде жоқ. 4-сыныптан кейін өтуге методикасы да жасалмаған. Неге біздің балалар білім ала алмайды, неге жақсы мамандық иесі бола алмайды?», - дейді қоғамдық бірлестік президенті.
Қазір барлығы дерлік орыс тіліне негізделген ым-ишара тілінде білім алып жатыр. Маманның айтуынша, бізде қазақша «жест» жоқ.
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БЕЙІМДЕЛГЕН ЖҮЙЕ ЖАСАЛДЫ
Қазақша ым-ишара стандарты бекітілмегеніне қарамастан қазақстандық мамандар бұл салада еңбек етіп келеді. Соның бірі – Еуразия Ұлттық университеті жасанды интеллект технологиялары кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді. Маманның айтуынша, бұл тақырыппен айналысқанына 5 жыл болған. Жүйенің атауы – интеллектуалды сурдо ресурстар кешені. Мұнда мамандар бірнеше өнім ұсынып отыр. Олар: интеллектуалды тренажерлер, сурдо аударатын жүйелер және мобильді қосымша.
Содан кейін мамандар қазақ, орыс, түрік, ағылшын ым-ишара тілінен 1 024 сөзді таңдап, сөздерді көрсетілуі бойынша салыстырып шыққан. Нәтижесінде қазақ тіліндегі сөздердің 38%-ының ерекшелігі бар екенін анықтаған. Соны жеке мақала ретінде жазып, қазақ ым-ишарат тілін зерттеуге толық құқығым бар екенін дәлелдедім, дейді Нұрзада Амангелді.
Айтуынша, «ақсақал», «бәйбіше», «жирен» деген сөздер басқа тілде жоқ, тек қазақ тіліне тән сөздер. Көрсетуіне қатысты орыс тіліне кей сөздің ұқсастығы бар, алайда дәлме-дәл сәйкес келе бермейді.
Бұл жоба – есту және сөйлеу қабілетінде шектеу бар оқушы, ересек адам мен басқа адамдардың бірін-бірі түсінуіне арналған жүйе.
Айтуынша, жасанды интеллект ым тіліндегі бір сөзді түсінуі үшін мамандар камера алдында оны 100 рет жасайды. Бұл жағдайда 5 адам ауысып отырады. Себебі әр адамның темпераменті әртүрлі болғандықтан, келешекте әрекетті тану оңай болады.
ЗАҒИПТАРҒА ЖЫЛЫНА ЖАЛҒЫЗ ӘДЕБИ КІТАП ШЫҒАРЫЛАДЫ
Ресми ақпарат бойынша елімізде 17 мыңнан аса адам зағип жандар қатарында тұр. Алайда халықаралық ұйымдар кез келген елдегі ресми статистиканы 2 не 3 есеге көбейтуді ұсынады. Сондай-ақ ел халқының 2-3%-ы көру қабілетінен айырылған азаматтар қатарында болуы мүмкін. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан айтты.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс аясында кітапханалар аудиокітаптардың санын көбейткен. Алайда кітаптардың 85-90%-ға жуығы орыс тілінде.
«Көз жанарынан айырылған азаматтарға арналған 101 мыңнан аса аудиокітап бар. Олар қазақ, орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерде де қолжетімді. Ал Брайль тілінде 20 мың күбіртік бар. Қалыпты кітаптың бір беті Брайль тілінде 3-4 бетке сыяды. Оны шығару қиын. Брайльді көп оқыған адамның білімі де мол болады, ақпаратты тез жаттайды. Кейінгі жылдары «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен республикалық кітапхана бірлесіп, ішкі қолданыс үшін кітаптар шығарады », - дейді депутат.
Республикалық деңгейге оқулық шығарып жүргендер де бар. Алайда жылына бір ғана әдебиет басылып шығады. Кітапханаларда Брайль нұсқасында әдеби кітаптар жоқ тың қасы.
САҢЫРАУЛАР ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДА ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР
«Қазақстан саңырау қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сайлаугүл Омарханова саңырауларға арналған ірі қалалар мен облыс орталықтарында арнайы өндірістік мекемелер бар екенін айтты. Көп жағдайда олар тігінші, жиһаз жасау, жасылдандыру, полиграфия саласында жұмыс істейді.
«Үкімет бекіткен тізім бар. Құлағы естімейтін он шақты ғана адамның арнайы мамандығы бар. Кейбірі басқа өңірлердегі филиалға төрағалық етеді. Олар білімді болса, бас басқармаға да жұмысқа алуға дайынбыз. Елімізде барлық өңір балабақшамен қамтамасыз етілмеген. Мемлекеттік балабақша болмаса да, соның ішінен бір топ беруді сұрап отырмыз. Өйткені балабақшада еңбекке баулу, тіл үйрету сол жерден басталады. Ол жағы ақсап тұр. Балабақшадағы тәрбиеші ым-ишара тілін білмейді. Ым-ишара тілін үйрететін маман шығаратын оқу орны жоқ. Мұғалім де, тәрбиеші де ым-ишара тілін білуі керек. Басқа мемлекеттерде ым-ишара тілінің статуысы жоғары. Бізде ондай статус жоқ», - дейді Омарханова.
Құлағы естімейтін адамға Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектің бірі – маманмен 60 сағат жұмыс. Ауруханаға барса, сурдоаудармашы бірге жанында жүреді. Білім алып, оқу үшін жастарға 60 сағат жетпейді.
Ал Нұрзада Амангелді сурдоаудармашылардың басым бөлігінің ұл-қызы, немересі сөйлей алмайтынын айтады. Яғни, қажеттілік болғандықтан арнайы 4 жыл білім алған. Әрі қарай білімін пайдаланып, басқа ата-аналарға көмектеседі.
Нұрзада Амангелді Ғылым қорының арнайы конкурсына қатысып жатыр. Айтуынша, жобаның құнын 200 млн теңге деп бағалаған. Сондай-ақ жобаға Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қызығушылық танытқан.
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев те мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы сол саланы зерттеп, қалай жұмыс істеу керек екенін меңгергенін айтты. Тіпті кейбірі арнайы орталық ашады. Осындай жағдайда мемлекет балалармен жұмыс істей алатын ата-ананың тәжірибесін пайдалануы қажет. Алайда көп жағдайда шетел методикасын пайдалануға ден қояды.
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР АГЕНТТІГІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ
Депутат Ерлан Әбдиев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосатын, мәселелерін жан-жақты қарайтын орталық ашуды ұсынып отыр.
Ерлан Әбдиев лауазымды қызметтерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көбейгенін қалайды, алайда мұндай азаматтардың басым бөлігінің білімі сай келмейді.
«Тағдырластарымды топ менеджер, тіпті вице-министр қызметінде жұмыс істегенін көргім келеді. Әлеуметтік саланың вице-министрі мүгедектігі бар азамат болсын деген талап бар. Бірақ кандидаттарды қараған кезде адам табылмайды. Көп адамның жоғары білімі, енді бірінің жұмыс өтілі жоқ. Оны шешу үшін мамандарды дайындауымыз керек. Оқуға түсіріп, жұмысқа орналастыруымыз керек. Әріптестеріміз мемлекеттік қызметкерлердің 1%-ы мүгедектігі бар азаматтар болуы керек деген бастаманы көтеріп жүр», - дейді депутат.