ӘБДИЕВ Е.Т.
Рақмет, құрметті Ерлан Жақанұлы.
Менің сұрағым заң жобасын әзірлеушіге.
Осы келісімді жасасу кедендік бақылау уақытын қысқарту есебінен екі ел арасында тауар айналымының ұлғаюына жағымды әсер ететіні анық. Түркия, біріншіден, Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі, екіншіден, біздің бауырлас мемлекет. Сондықтан келісімді ратификациялау маңызды деп есептеймін.
Менің бірнеше сұрағым бар.
Осы келісімнің нәтижесін де біздің кәсіпкерлер нақты қандай артықшылықтарға ие болады? Оңайлатылған рәсімді барлық бизнес өкілдері қолдана ала ма және бұл үшін бизнес тарапынан не қажет? Бізде қандай елдермен осындай түрдегі келісімдер жасалған? Рақмет.
ЖАМАУБАЕВ Е.К.
Сұрақтарыңыз орынды. Рақмет.
Әрине, артықшылықтары бар. Бұл тек бизнес үшін ғана қажет емес. Қазір
цифрландыру заманы болғандықтан бүкіл ақпарат барынша цифрландырылып, ақпарат алмасу барынша автоматтандырылуы керек. Мысалы, қазіргі кезде кәсіпкерлер Түркиядан тауар әкелгенде декларацияны сол жақта толтырады, бірақ ол ақпарат бізге автоматты түрде түспейді. Тауарды біздің елге әкелгенде ол тауарға тағы импорт декларациясы толтырылады. Егер оның біздің тәуекелдерді басқару жүйесінде заң бұзушылық әрекеті болмаса, біз оны жедел түрде өткіземіз. Қазірдің өзінде тауарлардың кедендік рәсімнен өтуі 80-90 пайызға дейін жүргізіледі.
Бұл келісім күшіне енгеннен кейін, пилоттық жоба жүзеге асырылғаннан кейін ол жақтан шығатын тауарлар бойынша ақпаратты біз алдын ала алатын боламыз. Тауар Түркиядан шыққанда экспорт деп толтырылады және ол декларация біздің кедендік органға келіп түседі, яғни сол тауар бойынша ақпарат бізде болады. Егер оның толтырған декларациясы сәйкес келсе, біз оны ұстамаймыз, тауарды қоймаға кіргізбестен бірден алып кетеді. Бұл заң бұзбайтын, адал жұмыс істейтін бизнесмендердің бәріне өте қолайлы.
Бұндай ақпарат алмасу келісімдерін көршілес мемлекеттердің барлығымен жүзеге асырдық деп айтуға болады. Өзбекстанмен, Түрікменстанмен, Қытаймен, Иранмен және басқа да мемлекеттермен бұл жұмыс алдын ала жүргізілген болатын.
Дұрыс айтып отырсыз, Түркия бауырлас мемлекет болғаннан кейін, Президент ресми іссапармен барғаннан кейін бұл екі жақты келісімнің деңгейін көтеру үшін мемлекетаралық келісім ретінде қабылданып, ратификациялауға шығарылып отыр.
Рақмет.