Айгүл Құспан Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Тараптардың ұстанымдары ядролық қарусыздану және оны таратпау, конфессияаралық диалогты қолдау, тұрақты дамуға қол жеткізу жөніндегі міндеттеме секілді халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сәйкес келеді.
– Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Қазақстан Индонезиямен өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді А.Құспан.
Комитет басшысы екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыс ынтымақтастықты тереңдетуде ерекше рөл атқаратынын айтты. Осыған байланысты ол мықты құқықтық база құруды ұсынды. Инвестицияларды өзара қорғау мен ынталандыру, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерге қол қою екі ел үшін бизнес саласының іргелі негізі екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Индонезия делегациясының басшысы Гиланг Диелафарарес Индонезия халықтық консультативтік конгресі атынан Қазақстан Парламентіне пікір және тәжірибе алмасу құралы ретінде осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Оның екіжақты қарым-қатынасты парламенттік дипломатия арқылы нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Талқылауға Мәжілістегі Қазақстан-Индонезия достық тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов, сондай-ақ Айдос Сарым, Еркебұлан Мәмбетов және Ерлан Әбдиев қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, парламентаралық топтар, мамандандырылған комитеттер, сондай-ақ көпжақты платформалар арқылы белсене өзара іс-әрекет жасауға келісті.