ӘБДИЕВ
Ерлан
Тұрсынбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің

Депутатқа хат
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеңілдетілген әуе саяхаты

2023 жылғы 12 сәуірде жарияланды               Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің

Бірінші Орынбасары

Р.В. Склярға


Депутаттық сауал


Құрметті Роман Васильевич!


Мемлекет Басшысы елімізде инклюзивті қоғам құруға үлкен көңіл бөлуде. Қазірдің өзінде де  белгілі бір нәтижелер бар. 

Бүгін менің Мәжілісте сөйлеп тұрғаным - бұл да жүргізіліп жатқан реформаның жетістіктерінің бірі.

Алайда, инклюзивті қоғам бір күнде құрылмайды.  Инклюзия біздің өміріміздің барлық салаларына енуі үшін оған тек мемлекет қана емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастардың барлық субъектілері де қатысуы керек. Оның ішінде жеке бизнесте бар.

Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдардың мобильділігі авиатасымалдардың қолжетімсіздігімен шектелуде. Ұшаққа билет сатып алу мүмкін емес, жеңілдіктер және одан да бөлек тегін ұшу мүмкіндігі қарастырылмаған. Билет құны көбінесе бір айлық әлеуметтік төлемнен асып та кетіп жатады.

Қазіргі тарифтермен, тіпті жұмыс істейтін сау  адамдар да билеттерді ала алмаған кезде не айтуға болады.

Ал сонымен қатар, халықаралық авиатасымалдау тәжірибесінде мүгедектігі бар жолаушыларға өз елдерінің ішінде ұшуға жеңілдіктер берілетін көптеген мысалдар бар. Бұл жылына бір рет тегін рейстер жеңілдіктері және билет сатып алудың басқа да ерекше шарттары. 

Мұндай мысал біздің әуе нарығында да болды. Шетелдік компания біздің нарыққа осындай жеңілдіктер пакетімен кірді. Бірақ, көп ұзамай ол басқа тасымалдаушыларға назар аудара отырып, саясатын өзгертіп жіберді.

Бүгінгі таңда елімізде 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдардың саны шамамен 340 мың адамды және 80 мыңға жуық мүгедектігі бар балаларды  құрайды.

Мемлекет субсидиялайтын біздің авиакомпанияларымыздың, инклюзивті қоғам құруға өз үлесін қосуға мүмкіндігі жоқ болғаны ма?

Мәселе мүмкіндікте емес, мәселе үлес қосамын деген ниетте екеніне сенімдіміз.

Сондықтан, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мен мобильділігін арттыру мақсатында, ішкі рейстерге мынандай жеңілдіктерді қарастыру қажет және әділ деп санаймыз:

1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдіктер немесе арнайы тариф билет құнының 50% мөлшерінде болсын;

Осы санаттағы адамдарға жылына бір рет, бір бағытқа ұшып бару және ұшып қайту тегін әуе қатынасымен қамтамасыз етілсін;

Мүгедектігі бар балаларға әрқашан тегін рейстер жасалсын;

Ұшу барысында сүйемелдеуді қажет еткен жағдайда, сүйемелдеуші адамдар үшін жеңілдетілген тариф көзделсін.

Жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына сәйкес белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймыз.    



        Құрметпен,

       Депутаттар:


«AMANAT» партиясының

      фракция мүшелері:                                              Е. Әбдиев

                                                                                      Ж. Сүлейменова


Қазақстан халық партиясының мүшесі                  К. Сейтжан


«Ауыл» партиясының мүшесі                                  Т. Серіков


«Ақжол» партиясының мүшесі                                Е. Бейсенбаев


Жеке мандатты                                                          Д. Мұқаев

Image title

Image title