Әбіл
Еркін
Аманжолұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Комитеттің кеңейтілген отырысы

«Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылау

«Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 9 қазандағы № 888 қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісім (бұдан
әрі – Келісім) Самарқандта 2022 жылғы 11 қарашада жасалды.

Қаралып отырған Келісімнің негізгі мақсаты оңайлатылған кеден дәлізін дамытуды қамтамасыз ету арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі – Тараптар) арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру болып табылады.

Келісім шеңберінде «оңайлатылған кеден дәлізі» және «сауда операторлары» секілді ұғымдар енгізіледі.

Оңайлатылған кеден дәлізі (бұдан әрі – ОКД) –  көрсетілген мемлекеттер арасындағы саудада тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат алмасуға бағытталған, ерікті негізде пайдалану үшін ашық және көліктің барлық түрінде пайдалануға болатын электрондық жүйе.

Сауда операторлары – оңайлатылған кеден дәлізіне қатысатын, тауарлар мен көлік құралдары туралы анық ақпарат беретін және Келісімнің ережелеріне сәйкес кедендік рәсімдерді аяқтайтын тұлғалар.

Тараптар өздерінің кеден органдарына Келісімді жүзеге асыруға уәкілеттік береді.

Ақпарат алмасу оңайлатылған кеден дәлізін пайдаланатын сауда операторлары жүзеге асыратын жүктер бойынша және ерікті негізде жүргізілетін болады.

Сауда операторларына ОКД аясында:

- өткізу пункттерінде кедендік ресімдеудің басым тәртібі;

- ресімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін жекелеген қозғалыс жолақтарын қоса алғанда, мүмкін болатындай оңайлатылған кедендік формальдылықтар;

- Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын бұзу тәуекелі анықталған жағдайларды қоспағанда, өткізу (межелі) пункттерінде кедендік жете тексеруді қолданбау секілді жеңілдіктер беріледі.

Тараптардың кеден органдары Келісім күшіне енгеннен кейін ұзақтығы 6  ай болатын пилоттық жобаны ұйымдастырады және жүзеге асырады.

Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың кез келгені Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімге қатысуын тоқтата алады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараты бойынша осы заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді және оны іске асыру республикалық бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді.

Заң жобасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырысы, сондай-ақ Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасына оң қорытындыларын берді.