Жұмыс тобының мүшесі ретінде бұл заң жобасы бойынша сауалдарымды қойып, ұсыныстарымды жеткіздім.
Аталған заң жобасын еліміздегі ат спортының жанашыр азаматтары көптен 🖇️күткен болатын. Өйткені қазір Адай жылқысы, Қостанай жылқысы деп бөліп жатамыз, бірақ сонымен қатар елімізде ағылшын жылқылары да бар. Оны бұл салада жүрген азаматтар баптап, солардың төлін алып, спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқылардың санын көбейтуге ат салысуда.
Жалпы ат спорты индустриясының айналасында, тек қана осы 3-заңға емес, білім саласындағы заңға да өзгерістер енгізуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені ғылым-білімсіз бұл саланы жетістікке жетелей алмаймыз. Ат спортының айналасында мамандар тәрбиелеу, бапкерлер мен шабандоздар әзірлеу мәселелері бар. Мәселен шабандоздар 14-15 жасқа келіп, салмақтары 40 кг. келгенде, олардың қажеттіліктері керек болмай жатады. Әрі қарай оларды ат спортының мамандары етіп даярлау мәселесі де көлеңкеде қалып келе жатыр.
Жылқыны дамыту қажеттігін айтамыз, бірақ бізде тіпті оны тағалайтын мамандар да даярланбайды. Ал жылқыны - тағасыз жетістікке жетелеу мүмкін емес жағдай екендігін ескеру қажет. Сондай-ақ, ат әбзелдерін дайындайтын ұсталар да жоқ. Бізде ат жүгенін, ер-тоқымды, тіпті тағаны шегелейтін шегені де Ресейден аламыз. Сарапшылар ат индустриясының айналасындағы көлеңкелі экономикада 500 млн-ға дейінгі қаражат айналымда бар деген пікір айтады. Сондықтан, осы тұрғыда еліміздің экономикасына үлесін тигізетін басқа да жаңашыл заң жобалары жасалса деген ұсынысымды жеткіздім.