Баянауылдағы Әулие, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған той екі күнге жалғасты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен аузын айға білеген Алаштың айтыс ақындары додаға түсіп, Баянтаудың бөктерін жырмен жаңғыртты.
Ғылыми конференция, жыршы-термешілер сайысы, балуан күресі, көкпар, аламан бәйге т.б. өтіп Ұлы даланы дүбірге бөледі.
Еліміздің әдебиеті мен руханиятының биігінде жүрген ұлт зиялылары, Мәшһүртанушылар, ақын-жазушылар, ғалымдар, түрлі өнерпаздар да той салмағын еселеді.
Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
Қатар-қатар келген рухани, мәдени іс-шараларды, дүрбірлі тойды осындай ауқымды деңгейде аброймен атқарып шығу оңай жүк емес.
Абройлы міндетті шашау шығармай арқалап келе жатқан облыс басшылығына, барлық үлес қосқан, тер төккен азаматтарға айтар алғысымыз зор!
Ғұламаның соңында қалған теңдессіз мұрасын ұлт пен ұрпаққа насихаттау, жеткізу жұмысы сәтті жалғасын таба берсін!